Мереке қарсаңында өңірлердің арасынан топ жарып, Батыс Қазақстан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы "Қазақстанның Халық әртісі" атағын алды. Ал 35 жылдық еңбек тәжірибесі бар қалалық мектеп мұғалімі "Қазақстанның Еңбек ері" атанды. Мерейлі күні мемлекеттік марапатқа ие болған еңбеккерлерді әріптесім де құттықтап қайтты.
Әйгілі қойылымда "Жер-Ана" бейнесін сомдаған Гүлжиян Шынтемір - бүгінде "театр анасы" атанған актриса. Өнер ордасының белді артисі. Сахна падишасы - Хадиша Бөкейқызын "өнердегі әрі өмірдегі ұстазым" деп біледі. Өзі еңбек ететін қазақ театрына атын беруге атсалысты. Актриса жарты ғасырға жуық бекзат өнерге адал қызмет етіп келеді. Рөлін жанын салып ойнайды. Өмірде де шынайы, айналасын шуаққа бөлеп жүретін жан "Халық әртісі" атану тосынсый болғанын айтады.
Гүлжиян Шынтемір - актриса, Қазақстанның халық әртісі:
Шок болдық кәдімгі бәріміз. Жалғыз мен емес, бүкіл театр. Жалпы театрлардың дамуы маған өте ұнайды. Мен ойнаған рөлдерімнің бәрін балам деп есептеймін. Жүрек мейірімге толы болса, махаббатқа толы болса, бәрі жақсы болады деп есептеймін.
Ақордада президент қолынан жоғары марапат алып, ұшақтан құшаққа түскен ұстаз көзіне жас алды. Биыл тұңғыш рет "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы екі мұғалімге берілді. Солардың бірі - Эльмара Траисова. Қалалық №34 мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Мектепте әдеби драма үйірмесін ашқан. Үздік авторлық бағдарламасы, озық әдістемелік тәжірибесі бар. Өзі де, шәкірттері де республикалық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері.
Эльмара Траисова - мұғалім, Қазақстанның Еңбек Ері:
Толқып тұрмын. Президенттің қасына тұрып фотоға түсу енді... өмірде бір рет болатын зат. Біз мектепке осындай қараңғыда кіреміз, міне, әріптестерім тұр ғой, и осындай қараңғыда шығамыз. Бәрі де сол еңбектің арқасында деп ойлаймын. Үкімет жағдай жасап жатыр, мынадай марапатқа бәрі ие бола алады деп ойлаймын.
Қос кейіпкеріміз де бар өмірін сүйікті кәсібіне арнаған жандар. Өнерге құштар, білімге құмар үздіктердің еңбегі өзгелерге үлгі.
Ардақ Мұратқызы