Еліміздегі соңғы 5 жылдағы оң өзгерістер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі соңғы 5 жылдағы оң өзгерістер

25.10.2024

Ата заңнан бастап сан саланың түгелі дерлік өзгерді. Депутаттар сайланды, Құрылтай өтті, экономикада жаңа серпіліс байқалды. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі артты. Сондай-ақ, азаматтарға арналған қор құрылды. Ұлттық мереке – Республика күніне орай тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес соңғы жылдардағы оң өзгерістерді тізбектеген еді. Бейнематериалды көрейік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген сәттен-ақ Әділетті қоғам құру бастамасын көтерді. Ол үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынды. Тиісінше, Ата заңның кейбір қағидаларын өзгерту қажеттігі туындады. Осылайша ел тарихында екінші рет жалпыхалықтық Референдум өтті. Көптің таңдауы, қоғам пікірі ескеріліп, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мемлекет басшысы реформаны өзінен бастады. Президент 7 жылға, бір-ақ рет сайланатын болды. Сондай-ақ мемлекет басшысы саяси партиялардың мүшесі болу құқығынан айырылды. Оған қоса президенттің жақын туыстары саясатта, квазимемлекеттік секторда қызмет ете алмайтын болды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ол келесі сайлауға жалтақтамай, халыққа ұнайтын ғана шешімдер қабылдау, популлизмге кетіп қалмай бір өте қажетті, мүмкін күрделі, бірақ ел үшін қажетті шешімдерді қабылдауға жол ашады.

Конститутциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы айтарлықтай өзгерді. Мәжіліс бұрыңғыдай 107 емес, 98 депутаттан жасақталды. Депутаттардың 70 пайызы пропорционалды яғни, партиялық тізім бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлы жүйемен сайланды. Саяси жүйені реформалау аясында қазақстандықтар ауыл әкімдерін тікелей өздері сайлау мүмкіндігіне де ие болды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік.

Баянды бастаманың арқасында жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті пайда болды. Бүгінде оның игілігін ауыл халқы көріп отыр. Саяси реформаның аясында «Қазақстан халқына» қоры да құрылды. Оның ішінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының пайда болуы бұқара халықтың ортақ табыстан үлесі бар екенін аңғартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен жариялаған балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын.

 «Қазақстан халқына» қоры биылғы көктемдегі су тасқынынан жапа шеккен мыңдаған ауыл тұрғынына баспана сатып алу, үй салып беру үшін миллиардтаған қаржы бөлді.

Нұрсұлтан Тілектес,тілші:

Соңғы жылдардағы экономикалық ахуалға, жахандық сын-қатерлердің өршуіне және геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан ел экономикасы тұрақты өсімін жоғалтпады. 2019 - 2023 жылдар аралығында жалпы ішкі өнім 15,3 пайызға өсті. Нақты сектор экономиканы дамытудың негізгі драйверіне айналды.

Осы орайда Қазақстан 2029 жылға дейінгі өзінің Ұлттық даму жоспарын әзірледі. Соған сәйкес алдағы бес жылда Ішкі жалпы өнімнің өсу деңгейін 6,7 пайзға дейін, экономика көлемін қазіргіден екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу