Батыс Қазақстан облысында 68 ауыл су тасқынынан қорғалмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 68 ауыл су тасқынынан қорғалмаған

22.10.2024

Батыс Қазақстан облысында 68 ауыл су тасқынынан қорғалмаған. Көктемдегі апат кезінде Теректі ауданындағы Барбастау қоймасындағы үш бөгетті қарғын су бұзып кетті. Облыс прокурорлары кейін жауапты мамандардың гидротехникалық құрылыс құжатын жасатпағанын, соның кесірінен су дұрыс өтпей адам өміріне қауіп төнгенін анықтады. Тасқыннан кейін олқылықтар жойылды ма ? Әріптесім Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Көктемде арнасынан асып, тасып төгілген Барбастау өзенінің су қоймасы бұл. Шағын өзен шамырқанып, бөгетті бұзды. Жолындағы бес ауылға қауіп төндірді. 6 мың адам эвакуацияланды. Ал қазір суы тартылып, моп-момақан күйінде сай-салаға жайылып жатыр.

Бастауын Теректі қыраттарынан алып, Жайыққа барып құятын өзен бес елді мекенді жағалай өтеді. Биыл еріген қар суынан дарияның деңгейі толып, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Кемер ауылдарындағы бөгеттерді бұзып кетті. Қазір Ұзынкөлдегі ұзындығы екі шақырымдық гидронысан қалпына келтіріліп жатыр. Бұған облыстық резервтен 151 млн теңге бөлінген. Алайда, суды пайдалануға рұқсат құжат алмай, су өткізуді реттемеген, салдарынан тасқынға жол берген аудандық бөлім басшылары жауапкершілікке тартылды.

Асылан Жанатауов, облыстық прокуратура басқармасының бастығы:

Елді мекендерді су басу даладан еріген қар суының ағып, қорғаныс құрылыстарының болмағанынан туындады. Жалпы осы мәселені облыс прокуратурасы былтыр да қараған болатын. Бірқатар аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов және Теректі аудандары бар.

Теректі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына да сөгіс берілді. Алайда, аудандық бөлімге су қоймасы емес, тек бөгет қана қарайды екен. Сондықтан, маман не үшін тәртіптік жазаға кесілгенін білмей дал.

Қайыржан Есетов, Теректі аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Бұл жерде айта алмаймын өзіміздің кінәміз деп. Бұл табиғи апат салдарынан су қоймасының деңгейі көтеріліп, тасып тұр. Біздің мекеменің теңгерімінде. Бірақ функционалдық міндетіміз ретінде суды реттеу жазылмаған. Жарғыда да жоқ. Қазіргі таңда бөгеттің құрылыс-монтаж жұмысы 80 пайызға орындалды.

Ал Жаңаөмір ауылында бөгет көтеріліп, қайта қалпына келтірілген. 200 метр жерге топырақ үюге аудандық бюджеттен 82 млн теңге жұмсалған. Дегенмен, прокурорлар дерегінше, әлі 68 ауылда қорғаныс бөгеттері жоқ. Өңірдегі 74 гидротехникалық құрылыстың 20-сының жағдайы талапқа сай емес. Дені 60-80 жылдары салынған. Темір қақпасы тозып, бетоны үгіліп, құбыры ескіріп тұр.

Фариза Есқалиева, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:

Гидротехникалық құрылымдар негізі орналасқан орны бойынша ауылдық округ әкімдіктерінің балансына бекітілген. Бірақ оларда маманның болмауы, техниканың жетіспеуіне байланысты тасқын су кезінде бірден әрекет жасай алмады. Қазір ол нысандарды «Батыс ирригация» мемлекеттік мекемесіне табыстау жүріп жатыр. Солар алдағы тасқын су кезінде шаралар қабылдайтын болады.

Биылғы тасқыннан сабақ алған облыс атқамінерлері «Батыс ирригация» атты жаңа кәсіпорын құрып, жауапты мамандар санын 73 адамға көбейтпек. Ал 500-ден астам үйін су басқан Подстепный ауылында ұзындығы 4,2 шақырым болатын қорғаныс бөгеті салынып жатыр. Суды топыраққа сіңбей ұстап қалу үшін бөгет бетіне геотекстиль төселіп, арнайы торға қиыршықтас төселеді. Жиегіне бетон құйылады. Облыста тасқын болған Қаратөбе, Сырым және Бәйтерек аудандарында да тап осындай 15 бөгет салынып жатыр. Бұған 2,9 млрд теңге жұмсалған.


Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу