Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының екі жағасын жалғайтын ең ұзын көпір ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының екі жағасын жалғайтын ең ұзын көпір ашылды

21.10.2024

Бүгін елімізде ең ұзын көпір ашылды. Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының екі жағасын жалғайтын нысанды жергілікті жұрт 60 жылдан астам күтті. Сондықтан Күршім, Зайсан, Марқакөл секілді аудан тұрғындарының қуаныштында шек жоқ. Өйткені осы уақытқа дейін пароммен жүріп, әбден азапқа түскен еді. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпір салуға тапсырма берген болатын. Бүгін көптен күткен нысанды Үкімет басшысы Олжас Бектенов ашып берді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қазір біз Бұқтырма су қоймасындамыз. Мына жақта Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандары бар. Ал мына жақта облыс орталығы Өскемен тұр. Жұрт ары бері айналма жолдармен қатынамау үшін 60 жылдан бері судан осындай паромдармен өтіп келеді. Бірақ бәрінің аңсағаны көпір еді.

Аңсайтын жөні бар. Паромнан дүйім жұрттың ығыры шыққалы қашан?! Өйткені ары-бері өткісі келетін көлік көп. Паромға небары 30-33 машина сияды. Қалғаны сағаттап күтеді. Оның үстіне ақылы қайықтар таңғы 6-дан кешкі 9-ға дейін ғана жүретін. Соған үлгеріп, сыйып кету үшін жылдамдықты асырып, апаттан опат болғандары қаншама. Үлгермей жағада түнегендер де көп.

Бақытхан Өлмесеков, Күршім ауданының тұрғыны:

Жастарымыз үйленіп, Талдықорғаннан, Алматыдан қыз алып машинамен әкеле жатқан кезде паромға сыймай қалып, қызсыз, күйеусіз той өткізген кездеріміз болды. Сүйекті әкеледі. Кісінің сүйегін әкеле жатқан кезде паромға сыймай қалған кездер болды. Сондықтан бұл біздің Күршім ауданы үшін керемет қуаныш. Біз ғана емес. Зайсан да қуанып жатыр. Марқакөл де қуанып жатыр.

Ал ескі паромдар бұзылып немесе желді күні тоқтаса жұрт айналма жолдар арқылы 200-400 шақырым артық жүруге мәжбүр еді. Қысты күні тіпті қиын. Аяз түскенше паромдар осылай жүреді. Ал су қатқан соң, көліктер мұздың үстімен жүре беретін. Бірақ су қоймасының астында қазір қаншама көлік жатыр.

Қайрат Сапарғалиев, Күршім ауданының тұрғыны:

Әсіресе көктемде күн жылып, мұз ери бастағанда, содан кейін мұз қата бастағанда жеңіл машиналар өтіп кетеміз деп жүріп кетеді. Артынан қайғылы жағдайлар көп болады.

Президент тапсырмасы орындалды

Енді алпыс жылға созылған азап артта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұрттың өтінішіне құлақ асып, 2019 жылы көпір салуға тапсырма берген еді. 21-де құрылыс басталды. Сөйтіп көптен күткен нысанды бүгін премьер-министр Олжас Бектенов ашып берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Құтты болсын! Ең қуаныштысы ол өзіміздің компания салды. Сырттан келген жоқ. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда осындай қабілеттері бар компаниялар пайда болды. Бұл да жақсы. Сондықтан осы саясатты әрі қарай жалғастырамыз.

Еліміздегі ең ұзын екі жолақты көпірдің ұзындығы 1 316 метр. Тәулігіне 80 мың көлік өткізе алады. Облыс орталығы мен 6 ауданды жалғайтын көпір қолданысқа берілген соң, тауар бағасы да арзандауы мүмкін.

Балағазы Қалиолданов, Күршім ауданының тұрғыны:

Паром арқылы келетін тауарлар мен жанармай басқа да тауарларға үстемақы қосылады. Қымбаттау болып. Енді көпірден өтетін болса, қаладағы бағамен бірдей болады деп ойлаймыз. Халыққа жеңілдік болады.

Ал шығарылғанына 60 жылдан асқан паромдардардың ендігі тағдыры әзірге белгісіз. Белгілісі олар енді бұл жерде жүрмейді. Сондықтан Бұқтырма су қоймасындағы Васильев өткеліне жеберілуі мүмкін.

Досжан Маратұлы, тілші:

Жаңа көпірмен алғашқылардың бірі болып жүріп келемін. Өте керемет сезім. Осы уақытқа дейін жұрт пароммен кемі бір сағат жүретін. Ал мен көлікпен небары бір минутта жүріп өттім.


Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу