Тараз қаласында құтқарушыларға жаңа көліктер берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласында құтқарушыларға жаңа көліктер берілді

19.10.2024

Тараз қаласында құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай жаңа көліктердің кілті берілді. Арнайы техникалар аймақ әкімдігінің қаржылай қолдауымен алынып отыр. Жабдықтарын жаңартқандар қатарында өрт сөндірушілер мен суда құтқару қызметінің мамандары бар. Сондай-ақ салтанатты шара барысында қызметкерлерге шендік атақтар берілді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары апатты жағдайларда аянбай қызмет етіп келеді. Олар жыл басынан бері төрт жарым мыңнан аса апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып, 400-ге тарта адамды құтқарып алды. Қызметін адал атқарғандарға Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов шендік атақтар беріп, төсбелгі табыстады.

Жалпы жамбылдық құтқарушыларда 171 дана техника бар. Мерекелік шарада тағы үш арнайы техниканың кілті табысталды. Жаңа көліктер өрт сөндірушілер мен судан құтқару қызметі мамандарына арналған.

Бағдат Әбиев, Жамбыл облыстық ТЖД құтқарушы маманы:

Тәулік бойынша 15-16 шақыртулар болады. Бізге де шақыртылған жерге жаңа көлікпен бару ыңғайлы. Мына облыс әкімшілігіне алғысымызды айтамыз.

Бүгінде Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты барлық бөлімдерде 900-ге жуық адам қызмет етеді. Облыс әкімдігі мамандардың техникасын заман талабына сай жыл сайын жаңартып келеді.

Қанатбек Мәдібек, облыс әкімінің орынбасары:

Құтқарушыларға, төтенше жағдай саласында қызмет етіп жүрген әріптестер үшін барлық жағдайлар жасалуда. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 800 млн теңгеге жуық қаржы осы саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінді. Жалпы бұл жұмыстар өзінің жалғасын табатын болады.

Шара соңында департаменттің арнайы құралдары мен заманауи жабдықтары көрсетілді. Ал Қордай ауданында құтқарушылар күніне орай өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу