«Ақтөбе-Атырау» тас жолы келесі айда толық қолданысқа беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақтөбе-Атырау» тас жолы келесі айда толық қолданысқа беріледі

19.10.2024
0:00:00
0:00:00

«Ақтөбе-Атырау» тас жолы қараша айында толық қолданысқа беріледі. Қазір жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Атырау-Астрахань» күре жолындағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне берілмек. Құрылыстың сапалы, әрі уақытылы жүруін жауапты мамандар жіті бақылап отыр. Атқарылып жатқан жұмыстармен БАҚ өкілдерін таныстыру мақсатында аталған жол бөлігіне «Сапа керуені» пресс-туры ұйымдастырылды.

Көлік қозғалысы үшін ашылған жолдың игілігін Алға, Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарының тұрғындары қазірдің өзінде көріп отыр. Қатынас едәуір жеңілдеген. 

Ермек Қосыбаева, Тамды ауылының тұрғыны

Осы жолдың жамандығынан апат көп болды. Қыршындар кетті, қаншама сәбилер кетті. Қазір енді мынадай жол жасап, жарқыратып қойған. Азаматтарға көп рақметімді айтамын. Қазір жақсарды.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының Ақтөбе облысындағы бөлігі 326 км. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асты. Құны 113 млрд теңгеге жуық. Жаңғырту жұмыстары барысында жол бөлігінің 75 шақырымы бірінші, ал 251 шақырымы екінші техникалық санатқа ауыстырылып, екі жолағы 9 метрге дейін кеңейтілді. 

Болатбек Айтбаев ҚР Көлік министрлігі, «ЖАСҰО» РМК бас директоры:

Анықталған ақаулардың бәрі қалпына келтірілген. Бүкіл жасалған жұмыс, қолданған материалдардың бәрі техникалық талаптарға сәйкес келеді. Кепілдігі бес жыл. Бес жыл ішінде қандай да бір ақаулықтар анықталып жатса, мердігер мекеме ол ақаулықтарды ретке келтіретін болады.

«Атырау-Астрахань» тас жолындағы жұмыстар 85% бітіп тұр

Министрлік өкілдерінен құралған топ бірер күннен соң Атырау облысына табан тіреді. Алдымен өңірдегі жолшылармен кездесіп, семинар өткізді. «Атырау-Астрахань» тас жолы республикалық маңызға ие. Қазір оның 212 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Транзиттік әлеуеті жоғары жобаға бүгінге дейін 98 млрд теңге жұмсалған. 

Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

Көлік қозғалысы артады деп ойлаймыз. Бұл жерден өтетін шетелдің көлік құралдары осы жерден жанар-жағармай алып, тамақтануы керек, түрлі қызметтер көруі керек. Сондықтан жол бойына нысандар салу керек. Осы арқылы экономикаға өз үлесін қосу керек деп ойлаймыз. 

Қазір жұмыстардың 85 пайызы аяқталды. Қараша айында жолдың беткі қабатына асфальт төселіп, көлік қозғалысы үшін толық ашылады. Жыл аяғына дейін қалған абаттандыру жұмысы біртіндеп жүргізілмек. Демалу орындары мен әмбебап әжетханалар салынады. Күні кеше шекарадан Сазанқұрақ елді-мекеніне дейінгі жол толық пайдалануға берілді. Жұмыстардың созылып кетуінің өзіндік себептері бар дейді мердігер мекеме өкілі. 

Ахмет Мудуроглы, мердігер мекеме өкілі:

Атырау облысында шебін жоқ білесіздер. Бәрі Ақтөбеден келді бізге. Сондықтан қиыншылық болды. Бірақ өзіміз тупигімізді салдық теміржолға. Реттедік, жұмысымызды тапсырдық. 

Жалпы Атырау облысы бойынша 3052 шақырым жол бар. Оның 1926-сы облыстық болса, 1126-сы республикалық маңызға ие. Жалпы өңірлік жол сапасы 76 пайызды құрайды. Келешекте жауаптылар бұл көрсеткішті 85-90 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. 

 Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу