Құтқарушылардың мәртебесі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құтқарушылардың мәртебесі артады

18.10.2024

Көп ұзамай құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің мәртебесі артады. Жалақылары көбейіп, баспаналы болады. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатыр. Вице-министрдің айтуынша, Құжат келесі жылы Мәжілістің қарауына жіберіледі. Әріптесім Асылбек Данияр толықтырады.

Елімізде жыл сайын 19-шы қазанда құтқарушылар күні аталып өтеді. Қазір азаматтық қорғау органдарында 30 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Оның 19 мыңы өрт сөндіруші. Соның бірі – жас маман Нұрдәулет Мейірбеков.

Нұрдәулет Мейірбеков, өрт сөндіруші:

Біздің қызмет өте қиын және ауыр. Осы мамандыққа ағам екеуміз кішкентайымыздан кинолардан көріп, жаңалықтардан көріп еліктейтінбіз осындай болсақ деп. Отбасымызда өрт сөндірушілер бар. Мысалы ретінде әкемнің інісі.

Министрліктің ақпаратынша, республика бойынша 400-ден астам өрт сөндіру бөлімі бар. Жоспар бойынша тағы осындай 120 бекет керек. Келесі жылы оның 30-ы пайдалануға беріледі. Ведомство өкілдері қазір кадр тапшылығы мәселесі жоқ дейді. Керісінше жыл сайын маман саны артып жатқанын жеткізді.

Астанада №23 өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Жаңа әрі бірегей үлгідегі өрт сөндіру бөлімі бар-жоғы 3 айда салынып біткен. Заманауи техикамен жабдықталған, ангарына 6 көлік сыяды. Бәрі жап-жаңа. Бұдан бөлек депо жанында жас отбасылар үшін жатақхана да бар.

Кеген Тұрсынбаев, ҚР төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

Ең алғашқысы осы. Өзіміздің тез салынатын материалдардан салынғаны. Енді осыны бүкіл республикаға салу мақсатымыз бар. Қазір Атырауда салып жатыр оны жаңа жылға дейін пайдалануға береміз деп ойлаймын. Қарашаның ортасына дейін тағы бөлім ашуымыз керек.

Өрт сөндірушілердің қызметтік киімі өзгерді. Жаңа форманың салмағы бұрынғысынан жеңіл, әрі сапасы да мықты. Бұл қазір тек Астанадағы 1 ғана бөлімде бар. Министрлік алдағы уақытта мұндай киіммен барлық аймақтың бекеттерін қамтуды жоспарлап отыр.

Министрлік өкілдері төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша жұмысты күшейттік дейді. Мәселен ауа райы, техногендік, сейсмикалық жағдай бойынша ескерту жасайтын «Қазақстан 112» мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Құрастырушылар бағдарламаны интернетсіз жұмыс істеу жағын қарастырып жатқанын жеткізді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу