«Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО тізіміне енгізу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО тізіміне енгізу ұсынылды

17.10.2024

«Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО көлемінде Материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу ұсынылды. Түркі халықтарына ортақ мұраны талқылау үшін бүгін Алматыға 12 елдің сарапшысы келді. Олар – Түркия, Әзербайжан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекетінің танымал эпостанушы ғалымдары. Конференция барысында «Алпамыс батыр» жырының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі басылымы таныстырылды. Бұл дастан басқа батырлар жырына қарағанда ең көне жыр болып есептеледі әрі түркі халықтарының көбіне ортақ.

Мәселен өзбек халқында «Алпамыш», қырғыздарда «Алп Манаш», башқұрттарда «Алпамыша» атымен жырланып келеді. Қазақ халқының қаһармандықты дәріптейтін бірегей жыр, мектеп бағдарламасына енгізіліп, ЖОО-да арнайы курс ретінде оқытылады. «Әлемдік эпос қазынасында «Алпамыстың» алатын орны айрықша», - дейді жиынға қатысқан ғалымдар.

Кенжехан Матыжанова, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

«Алпамыс батыр» жырына қызығушылық ерте заманнан басталғанын білеміз. Алғашқы жазба дерегі ретінде жарияланған кезі 1889 жылдан басталады. Міне содан бері бүкіл Еуразия даласында жырланып келеді, қолданылып келеді. Сондықтан бұл жырды ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізу өте маңызды.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу