Қызылорда облысында «Қарлан» көпірінің құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Қарлан» көпірінің құрылысы тоқтап тұр

16.10.2024

Қызылорда облысы, Қазалы ауданында бірнеше жыл бұрын басталған «Қарлан» көпірінің құрылысы тоқтап қалды. Бұл Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан оннан аса ауылдың көптен күткен өткелі еді. Бүгінде тұрғындар аудан орталығымен байланыстыратын көпірдің құрылысы аяқсыз қала ма,- деп алаңдайды. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы көптің базынасын тыңдап қайтты.

Әділбек Серікұлы – Тілші:

Жоба бойынша Сырдарияның үстіметін өтетін көпірдің құрылысы 2024 жылы аяқталып, яғни нысан биыл ел игілігіне берілуі керек еді. Алайда, үш жылда өткелдің тек үш темір-бетон тіреуіші ғана тұрғызылған.

Қазір де құрылыс аумағында тірі жан жоқ. Мердігер мекеме бастапқы жылы ғана жұмыс істеп, одан кейін тірлік мүлдем тұралаған. Ал өзеннің арғы бетіндегі 15 мыңға жуық халық аудан орталығына қалқымалы көпірмен қатынауға мәжбүр. Тұрғындар әр өткен сайын «Қарланның» үш қазығына қарап, ел асыға күткен жобаның аяқсыз қалғанына ашынады.

Жиеней Тапбетов - Қожабақы ауылының тұрғыны:

Өмір бойы осыдан ақырет көріп келе жатыр халық. Бір су көбейсе мына пантон суға батып кетеді. Сол көпірді салады дегенге қуанып жүрегіміз ұшып еді. Қазір екі жылға таяп бара жатыр жой қой қозғалмайды. Көпір болса тіпті той жасаймыз.

Жалпы бұл жобаға 2021 жылы конкурс өтіп, жеңімпаз мердігер 4 миллиард теңгеге көпір салуға келісім-шартқа отырған. Бірақ, құрылысты өз міндетіне алған компания бастаған жұмысын аяқсыз қалдырған. Игерілмей қалған қаржы мемлекетке қайтарылыпты. Ал жауапсыздық танытқан мердігерді әкімдік сотқа берген.

Жәнібек Сыздықов - Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Биылғы жобаға бөлінген қаржыны мақсатты игеруге байланысты біз ол мекемеге 2 мәрте қосымша келісім-шарт жолдаған болатынбыз. Белгісіз себептерге байланысты бас тартты қол қоюдан. Ағымдағы жылдың 10 қазанында соттың шешімі шықты мекемемен келісім шартты бір жақты бұзу бойынша.

Салаға жауапты басқарма «Қарлан» жобасына жыл соңында екінші қайтара конкурс жарияламақшы. Яғни, халық күткен көпірдің құрылысы келер жылы қайта жандануы мүмкін.


Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу