Алматыда құны 558 млрд теңге болатын 108 жоба жүзеге асып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда құны 558 млрд теңге болатын 108 жоба жүзеге асып жатыр

14.10.2024

Алматыда индустриалды аймақ құрылғалы бері жалпы сомасы 558 млрд теңге болатын 108 жоба қолға алынды. Олардың 32-сі өз өнімдерін шығара бастаса, қалғандарының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір кәсіпорындар жұмыс істеп жатқан жердің жалпы аумағы – 490 гектар.

Бұл лак-бояу материалдарын шығаратын зауыттың жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық. Кәсіпорын өнімдері Қазақстаннан бөлек, шетелдерге де экспортталады. Дайын тауарлардың арасында акрил бояулары, эмаль, сәнді сылақтар мен желімдер бар.

Василий Полищук, «BSF» ЖШС маманы:

Погрузка жағы, пандус бәрі өте тамаша болып тұр. Бізде 100-120 адамдай жұмыс істейді. Бояғыш жасайды. Күніне бір 50-60 тонна шығарады. Аймақтарға жібереміз.

Индустриалды аймақта барлық жоба толық жүзеге асса, 15 мың адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Соңғы 8 жылда іске қосылған 32 жобада 4 мыңға жуық маман еңбек етеді.

Дана Халықова, қалалық Индустриалды аймағының инвесторларды сүйемелдеу департаментінің бас маманы:

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде тамақ өнеркәсібі бар. Жеңіл өнеркәсіп бар. Машина құрастыру. Химиялық салаларда жобалар жүзеге асырылуда.

Осы аралықта кәсіпорындар бюджетке 55 миллиард теңге салық төлеген. Жобалардың толық іске асуы экономиканы дамытып, қосымша жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді, дейді жауапты мамандар.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу