Парижде тарих пәнінен өтетін жастар олимпиадасына Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысады. Команда мүшелері Астанада өткен республикалық сайыста анықталды. 3 кезеңнен тұратын білім додасында еліміздің түпкір-түпкірінен келген 1400-ден астам оқушы бақ сынасты. Олардың отызы ақтық кезеңге іріктелсе, үздік атанған 6 оқушы ғана Парижге жолдама жеңіп алды. Республикалық жарыс бірқатар университет пен мектептердің және профессорлардың қолдауымен ұйымдастырылған. Ал жарыста отандық және шетелдік тарихшылар қазылық етті.
Кертис Мерфи, Назарбаев университеті, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ассистент профессоры:
Қатысушыларға сұрақ жауаптарын ашып жазу талап етіледі. Олар тарихи оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып, себебі мен салдарын толықтай жазу керек. Оған қоса, мықты дәлелдер келтіру қажет. Тарих ғылымы тек өткенді жаттаумен шектелмейді. Бұл ғылым түрлі оқиғалардың себебін іздеп, мәселелерін шешуді үйретеді.
Жүлделі жастар бірлесе отырып, келесі жылы өтетін халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды. International History Olympiad – үздік жас тарихшылардың басын қосатын беделді сайыс. Оған қатысу көптің арманы. Сала министрі Саясат Нұрбек те қатысушыларға тарих пәнінің маңызы туралы айтып, арманы орындалған жастар бұл Парижде өтетін олимпиаданың берері көп дейді.
Нұрғанат Қанат, «БИЛ» мектебінің 10 сынып оқушысы, жарыс жеңімпазы:
Әсер өте керемет! Себебі жазда, шілде айында мен осы жарыс туралы естігеннен бастап қызу дайындықта болдым. Бұл менің кейін халықаралық қаныстар өкілі болудағы арманымды жақындата түсетін мүмкіндіктердің, баспалдақтардың бірі болып табылады. Яғни мен қазір Парижге жолдама алу арқылы өзімнің армандарымды шындықпен жанастыра аламын деп ойлаймын. Себебі бұл маған өте үлкен мүмкіндіктер, өте керемет орта, өте керемет қоғам сыйлайды.
Темірлан Нұрсолтанов