«Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты жанынан технопарк салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты жанынан технопарк салынып жатыр

10.10.2024

«Astana Motors» компаниясының құрамына кіретін «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты жанынан технопарк салынып жатыр. Кәсіпорын осы уақытқа дейін 150 мыңға жуық автокөлік жасап шығарды. Биыл зауытқа – 4 жыл. Айтулы күнге орай өндіріс ошағында қызметкерлер үшін мерекелік шара ұйымдастырылды.

Зауыт еліміздегі автоөндірістің өркендеуіне күш салып келеді. 1300-ден аса маманы бар. Солардың бірі – Жарас Әбдіқожаев кәсіпорындағы еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Өзін шыңдап, тәжірибеде әбден сыналып, жетекші технолог маманына дейін өскен.

Жарас Әбдіқожаев, жетекші технолог:

4 жылда мен осы зауытта дәнекерлеу, жинау операцияларын меңгердім. Мен өзім Чехия және Түркия мемлекеттеріне тәжірибе алмасуға барып келгенмін. Дәнекерлеу цехына орнататын роботтарды қабылдауға, солармен келіссіөздер жүргізуге Кореяға ұшып бара жатырмын.

Компания басшылығы төрт жылдығымен қатар «Отбасы күнін» де атап өтті. Мерекелік іс-шара аясында зауыттың үздік қызметкерлері марапатталды. 4 жылда зауытта жүріп 11 адам отбасын құрыпты. Ал әр қызметкердің жағдайы кәсіпорынның басты назарында.

Перизат Фазылбекова, зауыт қызметкері:

Мерекелер ұйымдастырылып тұрады. «Astana Motors» басшылығына көп алғысымызды айтамыз. Бүкіл жағдай жасалынған. Жұмысымыз ешқандай ауыр емес.

Автокөліктердің қалай шығарылатынын білгісі келетіндер көп. Мереке аясында 3200 адам өндірісті бастан-аяқ көріп шықты. Қазір «Astana Motors» компаниясы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының жанынан технопарк салынып жатыр. Биылдан бастап көліктің орындықтары, мультимедиялық және пластикпен резеңкеден жасалған жабдықтары шығарылады. Бұл ретте зауыт басшылығы тағы да жұмыс орындары ашылады деп жоспарлап отыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу