Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары қалай өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары қалай өтті?

10.10.2024
0:00:00
0:00:00

«Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түрікменстанға ресми сапары аясында қазақтың бас ақыны Абайға қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде осылай деді. Президент өзара ынтымақтастықтың берік екенін көрсету үшін осы елдің Тәуелсіздік монументіне де тағзым етті. Әрі түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. 

Мемлекет басшысы мінген борт таңғы он шамасында Ашхабад әуежайына қонды. Ресми сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты түрікмен тарабы әуе айлағынан бастап айрықша салтанатпен қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Түрікменстан Халқ Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды. Сән-салтанат резиденциядағы протокол тәртібінен кем емес. Құрмет қарауылы сап түзеп, әскери оркестр сырнай тартты. Рота командирі рапорт берген соң екі елдің әнұрандары орындалды.

Сол жерде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов екі жақты кездесу өткізді. Мемлекет басшысы қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік рәуіште дамып келе жатқанына тоқталды. Әрі осы сапары арқылы екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығаруды көздейтінін айтты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл – түрікмен ойшылы Махтымқұлы Пырағының құрметіне Астанада орнатылған ескерткіш. Оны осы жазда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне келгенде Түрікменстан Халқ Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымухамедов ашып кеткен. Бұл халықтарды байланыстыратын рухани сабақтастықтың көрінісі делінген еді сонда.

Ашхабадта ұлы ақын Абайға ескерткіш қойылды

Араға үш ай салып, міне, Ашхабадта қазақтың бас ақыны Абайға ескерткіш қойылды. Қола мүсіннің екі қапталындағы стеллаларда ұлы ойшылдың өлеңдерінен алынған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» және «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген үзінділері жазылған. Ескерткіштің ашылуына қатысқан президент Қ.Тоқаев Абай мен Мақтымқұлының поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы:

Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады.

Президент Мақтымқұлы Пырағы төсбелгісімен марапатталды

Ескерткіштің ашылу рәсімінде Арқадағ Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан президентін Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттады.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды

Осыдан соң Мемлекет басшысы Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Президент елдің бас ескерткішіне тағзым ету арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік екенін көрсетті.

Түрікменстанда Қазақстанның мәдени күндері өтті

Тахир Қожаев, Түрікменстан халықаралық ақпарат орталығының бас редакторы:

Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар ғана емес, мәдени байланыстар да тығыз. Мәселен, Қазақстанда Түрікменстанның және керісінше Түріксменстанда Қазақстанның мәдениет күндері жиі өтіп тұрады. Міне, қазір мәдениет аптасы аясында қазақ кинолары көрсетіліп, Қазақстан өнерпаздары концерт қойды.

Президенттің ресми сапары қарсаңында Ашхабадта өткен Қазақстанның мәдениет күндерін гала-концерт түйіндеді. Қазақстандық әртістер өнер көрсеткен кешке 850 көрермен қатысты.

Данияр Қайыртай 

Хабарламаларға жазылу