Сұрапыл «Милтон» дауылы АҚШ-қа жақындап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұрапыл «Милтон» дауылы АҚШ-қа жақындап қалды

09.10.2024

АҚШ-тың Флорида штатына «Милтон» дауылы жақындап қалды. 5 миллионға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшіп жатыр. Мұндай сұрапыл дауыл өңірде соңғы 100 жылда болмаған. АҚШ үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар бойынша федералдық агенттік дауыл соққы беруі мүмкін аймақтарға арнап 20 млн порция тамақ, 40 млн литр су дайындап қойған.

АҚШ-тың Флорида штатына сұрапыл «Милтон» дауылынан қауіп төнді. Миллиондаған тұрғынға көшу туралы бұйрық берілді. Ал Ақ үй басшысы Джо Байден Германия мен Анголаға сапарын кейінге қалдырған.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Флорида бір ғасырдан астам уақыттағы ең жойқын дауылға куә болмақ. Барлығы үшін маңыздысы - жергілікті билік өкілдеріне құлақ асу және қауіпсіздік нұсқауларын орындау. Көшу туралы бұйрыққа сай, эвакуациялану қажет. Бұл - өмір мен өлім мәселесі.

Штаттың мыңдаған тұрғыны үйлерін тастап, қауіпсіз жерге кетіп жатыр. Халық көліктерімен жолға шықты. Көп бекетте жанармай таусылған. Милтонның жылдамдығы сағатына 270 шақырымға жетті. Дауыл бүгін түнде немесе таңертең 4 миллион адам тұратын Тампа қаласына соққы беруі мүмкін. Қала маңындағы әскери база қауіпсіз жерге көшірілді. Ал штаттың түзеу мекемелерінен 4 жарым мыңнан астам жазасын өтеуші эвакуцияланған. 

Дмитри Ковал, жергілікті тұрғын:

Бұл – біздің бірінші рет қамдануымыз. Аздап қорқып қалдық. Азық-түлігімізді дайындап қойдық. Дауыл бізді айналып өтсін деп тілеймін. Дегенмен, оған дайын болуымыз керек.

Ауа-райын бақылаушылар Флоридада дауылмен бірге бірнеше мәрте құйын көтерілуі мүмкін екенін ескертеді. Су тасқыны жүруі ықтимал. Аймақтың денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жаңбыр мен тасқыннан кейін өмірге қауіпті жұқпалы инфекция тарау қаупі жоғары. Өзін жайсыз сезінген жағдайда тұрғындарға дәрігерге қаралу туралы ескертілді.   

Майкл Бреннан, Дауылдарды бақылау жөніндегі ұлттық орталық директоры:

Алапат тасқын жүру ықтималдығы жоғары. Окала, Орландо, Тампа және Сарасота қалалары қауіпті аймақта. Су жолдарды басып, ғимараттарға кіреді. Міндетті түрде көшу қажет.

Ал осыдан екі апта бұрын Құрама Штаттарда 4-ші санаттағы «Хелен» дауылынан 225 адам мерт болды. Олар Флорида, Джорджия, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Вирджиния мен Теннесси штаттарының тұрғындары еді. Соңғы мәліметке сай, «Милтон» дауылының қуаты қазір 5-ші санатқа жеткен. Ал жағалауға жақындағанда ол үшінші категорияға дейін әлсірейді. Дегенмен алып толқын, екпінді жел мен қатты нөсердің әсерінен дауыл салдары ауыр болуы мүмкін.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу