Референдумда алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдумда алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар көп

06.10.2024

Республикалық референдумда алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар бар. Елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасаған олардың көңіл күйі көтеріңкі. Қобалжу да жоқ емес.

Оралда студент жастар таңмен таласа келіп дауыс берді. Араларында қоғамдық маңызды іс-шараға алғаш рет қатысып жатқан жастар бар. Жоғарғы оқу орнының студенттері курстастарымен бірге келіп, ұйымшылдықпен таңдау жасады. Келешекте референдум ұйымдастыруға да атсалысқылары келеді.

Нұржол Ерланұлы, студент:

Көңіл күйім өте керемет. Референдумға келген сәттен бастап, ұйымдастыру жағы тамаша болды. Өзімнің дауысымды бердім. Және бірінші рет. Қобалжу, әрине, болды. Бірақ еліміз үшін маңызды шешім болғандықтан, өзімді қолға алып, ойланып, өз дауысымды бердім.

Жайдарбек Төлепберген, студент:

Еліміздің болашағы үшін жасалған жағдай болғандықтан, әрбір азамат келіп, өз дауысын бергені дұрыс деп ойлаймын. Себебі ұрпақ үшін де, барлығы үшін де қажет қадам. Болашақта байқаушы жағынан, ұйымдастыру жағынан көмектесіп, барынша қолдау білдіргім келеді.

Ал Қызылорда облысында биыл 18 жасқа толған 7 200-ден астам жас алғаш рет дауыс беру құқығына ие. Қорқыт ата университетінің бірінші курс студенттері Бағлан мен Руслан есімді егіз осы мүмкіндікті пайдаланып, қаладағы №253 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Олар ел азаматы ретінде мемлекет үшін маңызды шарадан қалыс қалмауды шешіпті.

Бағлан Қалдыбек, қала тұрғыны:

18 жасқа толғалы алғашқы рет өз дауысымызды беруге келдік. Еліміз үшін маңызды оқиғаларға әрдайым атсалысып, дауысымызды береміз.

Референдумға қатысуды «азаматтық борышымыз» деп білетін жастар демократиялық қоғамның қозғаушы күші екені анық.

Хабарламаларға жазылу