Оралда әжелер ансамблі учаскеде шашу шашып, ән салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда әжелер ансамблі учаскеде шашу шашып, ән салды

06.10.2024

Республикалық референдумда көппен бірге ғасыр жасаған қарттар да қалыс қалмады. Мемлекет үшін маңызды оқиғада соғыс және тыл ардагерлері өз учаскелеріне келіп дауыс берсе, оралдық әжелер ансамблі учаскелерді аралап думанға бөлеп жүр.

Орал қаласындағы «Сәулем-ай» әжелер ансамблі референдум күнінде тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды ұйғарыпты. Ақ жаулықты аналар таң атысымен өздерінің учаскелерінде дауыс беріп келген соң, басқа аумақтарды да аралап, шашу шашып, ән салып жүр.

Самиға Тұяқова, «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің мүшесі:

Халыққа көңілді сәт сыйлайық деп, келешек ұрпаққа өнегелі тәрбие көрсетіп, өзіміздің көрген-білгенімізді, тәрбиені насихаттап жүрген әжелерміз. Үлгі болып, бірінші дауыс беріп, қоғамдық жұмыстан қалмаймыз.
Ал Жетісу облысының Жаркент қаласында 102 жастағы Зейнелхан Оспанова референдум учаскесіне өзі келіп, дауыс берді. Ғасыр жасаған кейуана осыған дейін өткен түрлі саяси науқандардан да қалыс қалмаған. Бұл жолы да белсенділік танытып, өзгелерге үлгі көрсетті.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында соғыс ардагері Яхия Тасыров көппен бірге референдумда дауыс берді. 103 жастағы қарт майдангер аядай ауылдың мақтанышы. Абыз ақсақал таңертең алғашқылардың бірі болып учаскеге келіп, көпке ақ батасын берді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу