Оралда өз таңдауын жасап жатқан азаматтар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда өз таңдауын жасап жатқан азаматтар көп

06.10.2024

Оралда отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасап жатқан азаматтар бар. Қазір бізбен тікелей эфирге шығуға өңірдегі әріптесім Ардақ Мұратқызы әзір тұр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Жайық жұртшылығы да ел қатарлы белсенді дауыс беріп жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, облыста дауыс беруге құқылы азаматтардың тең жартысы өз таңдауын жасаған. Қазір біз №452-ші референдум учаскесінде тұрмыз. Мұнда мыңға жуық азамат дауыс беру тізіміне енген. Референдум барлық заң талабына сай өтіп жатыр. Комиссия мүшелері, байқаушылар мен БАҚ өкілдері өздеріне белгіленген орыннан бақылау жүргізіп, жұмыстарын атқаруда. Комиссия төрағасының айтуынша, ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген. Қоғамдық маңызды іс-шараға отбасымеп келіп дауыс беріп жатқан тұрғындар бар. Қазір солардың бірімен тілдесіп көрсек.

Нұрхат Жанбоз, қала тұрғыны:

Бүгінгі референдумға отбасымызбен келіп, қатысып отырмыз. Осыған дейін АЭС тақырыбын жан-жақты зерттеп, ғалымдар пікірін тыңдап, бүгін өз таңдауымды жасадым. Жалпы осындай үлкен маңызды шарадан еліміздің ешбір азаматы қалыс қалмауы керек деп ойлаймын. Сол себепті бүгін ұл-қыздарымды бірге ертіп алып келдім. Қазірден жастайынан өз таңдауын жасап үйренсін, «Бізсіз де шешіледі»,- деп үйде отырмай, референдум мәдениетін көрсін, білсін деп ертіп әкелдім. Көңіл күйіміз күшті, өте қуаныштымыз.

Жалпы өңірде 496 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Онда 444 мыңнан аса адам өз таңдауын жасауға құқылы.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу