Қазақстан азаматтары үшін 59 шет мемлекетте 74 референдум учаскесі құрылды. Олар Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында орналасқан. Еуропа елдерінің басым бөлігінде учаскелер осыдан үш сағат бұрын ашылды. Қарт құрлықтан әріптесім Нұрсұлу Қасым қазір бізбен байланыста. Нұрсұлу, референдум учаскесіндегі белсенділік қалай?
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Біз еліміздің Бельгиядағы елшілігінде орналасқан №373 референдум учаскесіндеміз. Әнұранымыз шырқалып, жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде, яғни үш сағат бұрын учаске салтанатты түрде ашылды. Отандастарымыз дауыс беріп жатыр. Бүгін осы жерден дауыс беруге 200-ге жуық Қазақстан азаматы тіркелген. Дені дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, студенттер мен осында жұмыс бабымен, отбасылық жағдайына байланысты тұрып жатқан қазақстандықтар. Люксембургта уақытша тұратын немесе іссапарда жүрген жерлестеріміз де кешкі сағат сегізге дейін осы жерге келіп, өз таңдауын жасай алады. Денсаулығына немесе басқа да жағдайларға байланысты елшілікке келе алмайтын азаматтарға жылжымалы жәшіктерді қолдану арқылы дауыс беру ұйымдастырылады. Оған жәшіктер сақадай сай тұр. Әзірге үйде дауыс беру туралы өтініш түспеген.
Нұрсұлу Қасым