Алматыда дауыс беру үшін 624 референдум учаскесі ашылды. Бүгін қала бойынша 4400 маман дауыс беру комиссиясы жүйесінде қызмет атқарады. Дәл қазір мегаполистегі референдум учаскесінен әріптесім Жазира Оразқызы тікелей байланысқа щығып тұр.
Жазира Оразқызы, тілші:
Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, алып шаһар 100 пайыз дайын. Қала бойынша ашылған 624 учаскенің 75-і аурухана, перзентхана, әскери мекемелер мен шипажай секілді арнайы нысандарда орналасқан. Барлық референдум учаскесі қажетті материалдармен және атрибуттармен қамтамасыз етіліп, безендірілген. Әрқайсысында дауыс берушілер үшін толық ақпарат бар. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны шамамен - 1 260 000 адам.
Сондай-ақ дауыс беруге құқылы, мүгедектігі бар 43 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Қажет болса, бұл кісілер үшін бүгін 100 инватакси қызмет ететін болады. Референдумның 40 учаскесінде Қазақстанда еш жерде тіркелмеген азаматтарды тіркеу бойынша сервистер, 172 учаскеде тіркеуді тексеру орталықтары жұмыс істейді. Алматы қаласының аумақтық референдум комиссиясы бүгін дауыс берушілерді саяси әрі маңызды шараға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырып отыр. Егер референдумға қатысты сауалыңыз болса немесе өз учаске нөміріңізді білгіңіз келсе, 1315 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Таңғы 6-дан ашылған учаскелердегі жұмыс барысына Алматыдағы тілшілер қосыны алдағы эфирлерде тоқталады.
Жазира Оразқызы