Талдықорғанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауқымы кеңейіп келеді. Табиғат жанашырлары бүгін «Қызылтас» археологиялық кешені мен «Тасбақа» тауының жан-жағын күл-қоқыстан тазартты. Шара барысында дәл сол аймақ салтанатты түрде мемлекет қорғауына алынып, тақтайша қойылды.
Археологиялық кешенде жыл басында бір кәсіпорын диорит тасын өндіріп, біраз петроглифтер бұзылып, жойылған болатын. Қоғам белсіндері дабыл қағып, жергілікті билік араласып, бұдан былай тарихи кешен және «Тасбақа» тауы заңды түрде мемлекетпен қорғалады.
Бұл маңда петроглифтердің 300-ге жуық жиынтығы анықталды. Бұл шамамен 1 000-нан астам таңба. Сондай-ақ сақ қорғандары мен бірнеше дәуірдің қорымдары да бар. Кешен әлі де зерттеуді қажет етеді.
Ғалымжан Оспанов, Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау орталығының директоры:
Қазір нақты айта алмаймыз. Өйткені толығымен жұмыстар аяқталғаннан кейін енді археологтардың айтуы бойынша ерте темір дәуіріне жататын суреттер болып белгілеп жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында тарихи кешен аумағы күл-қоқыс, қураған шөптен толық тазартылды. Шараға жиналғандардың 80 пайызы жастар. Жасыл ел жасағы, Ассамблея жастары, басқа да қоғамдық ұйым өкілдері белсенділік танытты.
Ерғазы Қошанбеков, Жетісу облыстық қоғамдық кеңес төрағасы:
Бұл тазалық деген мәдениеттілік. Адамның денсаулығы. Ауылдың, қаланың көркі.
Археологиялық кешенді қираудан аман алып қалған белсенділер енді бұл маңды халықтың жиі қатынайтын экосаябаққа немесе геопаркқа айналдырсақ деген мақсат қойып отыр.
Қуаныш Қанатұлы