Мемлекеттік грантпен білім алғандарды мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттеуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары елдегі кадр тапшылығын шешу үшін осындай ұсыныс айтты. Депутат Ислам Сұңқардың сөзінше, елімізде техникалық саланы меңгергендер көп. Алайда, олар ел экономикасына үлес қосудың орнына Оңтүстік Корея, Польша, Чехия, Ұлыбритания елдерінде еңбек етіп жүр. Бүгінде шетелде табыс тауып жүрген 193 мың қазақстандық бар. Ал өзіміздің құрылыс саласына 15 мың, орман шаруашылығына 13 мың, транспорт және өңдеу өнеркәсібіне 12 мыңнан астам адам жетіспейді.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Биыл құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі бойынша маман тапшы. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғая береді. Сондықтан мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін өз саласы бойынша жұмыс істеуді міндеттеу қажет. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасына орман, су және балық шаруашылығы мамандарын қосуды ұсынамын.
Айя Мүтәлі