Мәжіліс мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға кәсіппен айналасуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжатқа сәйкес, енді мектеп директорлары мен аурухана басшылары, мемлекеттік мекемеде істейтін бухгалтер бизнес жүргізе алады. Алайда оның кәсібі негізгі міндетін атқаруға кедергі келтірмеуі тиіс. Әрі өз саласынан бизнес ашуға тыйым салынады. Бұл сыбайлас жемқорлық жағдайларын ескеріп қабылданған шара. Негізгі талаптарды бұзса, мемлекеттік қызметкер жұмысынан айырылуы мүмкін.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірнеше шектеу бар. Конфликт болмау керек. Мемлекеттік мүлікті пайдаланбау керек. Және өзінің атқарып жатқан лауазымына кедергі жасамау керек. Жалпы осындай құқық берілгенімен, шектеулер де бар.
Сонымен бірге, олар бағалы қағаздар, инвестициялық қор және комерциялық ұйымдардың 5 пайыздық акциясын алуға құқылы болады. Әрі өз меншігіндегі үйді жалға бере алады. Оның барлығы декларацияда көрсетілуі тиіс. Антикордың мәліметінше, жаңа норма мемлекеттік қызметшіге теңестірілгендердің бәріне бірдей қолданылмайды. Әсіресе, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы лауазымды қызметкерлерге тыйым сақталады.
Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
Егер сенің пәтерің болса, оны жалға беріп те, сатуға да болады. Тек Үкімет мүшелеріне қатысты сұрақ болды. Мұны осы заң жобасына енгіздік. Егер бұл норма қабылданатын болса, олар да өз пәтерлерін жалға бере алады. Мен бұдан ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын.
Айя Мүтәлі