Бельгияда барлық әуе рейсі кейінге шегерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда барлық әуе рейсі кейінге шегерілді

01.10.2024

Бельгияда тағы да ереуіл. Қызмет көрсету саласының мамандары наразылық акциясын ұйымдастырды. Әуежай қызметкерлерінің жұмысқа шықпауынан бүгін Бельгияның екі әуежайынан ұшатын барлық әуе рейсі кейінге шегерілді. Салдарынан 50 мыңнан астам адам жолынан қалды.

Брюссель мен Шарлеруа қалаларының әуежайынан алыс-жақын шетелге бүгін 300-ден астам рейс ұшуы тиіс еді. Бәрі кейінге шегерілді. Салдарынан 50 мыңнан астам адам баратын жолынан қалды. Шетелге демалуға шыққандар, әуежайда ем алуға мәжбүр болды.

Матиас Корнэ, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мальтаға ұшуымыз керек еді. Әуежайға келсек бүгін ұшпайсыздар, - дейді. Демалыс алып, алдын ала жоспарлаған саяхатымыз еді. Жүйкеміз әбден жұқарды.

Жол азабын әбден тартқан жолаушылар сөмкелерін жастанып, әуежайда қонуда. Себебі жүк тіркейтін, қауіпсіздікті тексеретін мамандар жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Кәсіподақ ұйымдары өткізген наразылық акциясына Еуропаның 8 мемлекетінен күзетшілер, тазалаушылар мен қоғамдық тамақтану саласының өкілдері жиналды.

Конрад Мартенс, кәсіподақ ұйымының хатшысы:

Күзетші, еден жуушы олар да адам ғой. Жалақыларын көтеріп, жұмыс істеуге жағдай жасалуы тиіс. Маман тапшылығынан күзетшілер 24 сағат демалыссыз жұмыс істейді. Еуроодақтың мемлекеттік сатып алу туралы заңына өзгеріс енгізу керек.

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартып, ұжымдық келісімді қайта қарау қажет, - дейді кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Левен католик университеті мамандарының мәліметінше, бүгінгі бір күндік ереуілдің кесірінен ел экономикасына 20 млн еуро шығын келген. Шерушілер мұнымен тоқтамақ емес. Егер, Еуроодақ басшылары тарапынан оң шешім болмаса, ұлттық, халықаралық ереуілдерді жалғастырмақ ниетте.


Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу