Қазақстан мен Адыгея республикасының арасында әріптестік артпақ. Бұл өңірмен экспорт, импорт жағынан да ынтымақтастық қарқынды.
Индира Бегайдар, тілші:
Қазақстан Адыгея республикасының басты сауда серіктестерінің бірі. Жыл сайын тауар айналымы артып келеді, алыс-беріс ешқашан үзілген емес. Алайда әлеует жоғары, сондықтан да әріптестіктің көкжиегін кеңейту басты мақсат.
Адыгея – Ресейдің оңтүстік-батысында орналасқан және Кубань даласынан Үлкен Кавказдың негізгі жотасына дейін созылып жатқан республика. Халқының саны 500 мыңнан асады. 2023 жылдың және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Адыгея Республикасының тауарларын сыртқы нарықтарға сату көлемі бойынша Қазақстан 3-орынды иеленді.
Мурат Кумпилов, Адыгея республикасының басшысы:
Импорт, экспорт болсын, Қазақстанмен әріптестігіміз жоғары деңгейде. Және айтарлығы, барлық салада дерлік ынтымақтастық бар. Сондықтан әріптестігімізді ілгерілетеміз деп сенеміз, оған бар күш-жігерімізді саламыз.
Қазақстандық кәсіпкерлер республикаға үнемі бизнес миссиямен барып тұрады. Осы жылдың қараша айында Адыгея кәсіпкерлері Қазақстан аумағындағы екі халықаралық көрмеге қатысады. Өңірдің экспорт құрылымындағы елеулі үлес салмағы машина жасау өнімдері мен жабдықтарына тиесілі, сондай-ақ Қазақстан нарығына түрлі азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізеді.
Бэлла Хакунова, Адыгея Республикасы басшысының сыртқы байланыстар және инвестициялық саясат жөніндегі көмекшісі:
Қазақтанмен әріптестік жоғары, көбіне азық-түлік өнімдерін экспорттаймыз. Болашақта ауыз су, түрлі шырындарды жеткізу де көзделуде. Себебі сұраныс бар. ТМД елдері, оның ішінде Қазақстанмен әріптестікті нығайту біз үшін де маңызды.
Өнер, білім саласында да ынтымақтастықтың әлеуеті үлкен. Сондықтан екі тарап алдағы уақытта бірлескен жобалардың санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Индира Бегайдар