Бүгін – атом саласы қызметкерлерінің күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – атом саласы қызметкерлерінің күні

28.09.2024

Бұл кәсіби мереке 2008 жылы белгіленген. Атом өнеркәсібі - бүгінде еліміздегі ең жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін және маңызды сала. Әріптесім Алматыдағы 1957 жылы құрылған ядролық физика институтына барып, сала мамандарының жұмысын көріп қайтты.

Нұрлан Сүгіржанов, «Ядролық физика институты» РМК Инженері:

Ұсақ жұмыстар пинцетпен жасалады. Бізде өзімізде үлкейтетін әйнегіміз бар. Сол лупамен қарап бәрін жасаймыз. Негізінде жұмыс өте қызықты. Көптеген лабораториялар бар. Солар бізге тапсырмалар береді. Сол тапсырмиаларды біз орындаймыз.

Нұрлан Сүгіржанов атом саласында 20 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Оның жұмыс бөлмесіндегі радиация өтпес үшін жасалған бетон қабырғаның ені 1 метр, ал шыны әйнектің қалыңдығы 80 см.

Асхат Бекбаевтың қызметі де оңай емес. Ядролық физика мамандығы бойынша жоғары білім алып, магистратураны тәмамдап, осы сала бойынша PhD докторлық қорғаған. Қазір орталықтағы реактордың қасында жұмыс істейді.

Асхат Бекбаев, «Ядролық физика институты» РМК Бас инженердің орынбасары:

Жай әншейін құрылғы емес. Бұл жақта радиация болғаннан кейін әрине қадағалау өте жоғары деңгейде болу керек. Өйткені, радиацияны біз көзімізбен көрмейміз. Ол тоқ сияқты ұра салмайды. Сондықтан бүкіл ережелерді сақтап жүріп, жұмысқа кірісу керек.

Жақсылық Тезекбаев - қазір орталықтың ауысым басшысы. 20 жыл бұрын жас маман жұмысын инженер-оператор болып бастаған. Жапония мен Ресейде бірнеше рет болып, тәжірибе жинақтаған.

Жақсылық Тезекбаев, «Ядролық физика институты» РМК Бас инженердің орынбасары:

Зерттеу реакторы 1967 жылы салынған. 57 жыл үздіксіз қызмет етуде. Зерттеу реакторына келетін болсақ су-сулы реактор болып табылады. Реактордың көп салалы. Реакторда өндірілетін заттарға келетін болсақ ядролық медицина, оның ішінде фарм препараттарымыз бар.

Қазір Қазақстанның атом өнеркәсібінде 17 мыңнан аса маман жұмыс істейді. Мұндай кәсіби мереке осы салада еңбек ететін адамдардың жұмыс нәтижесін көрсетіп, оларға құрмет көрсетуге мүмкіндік береді. Біз тілдескен мамандар атом өнеркәсібінің дамуына үлес қосып жүргендерін мақтанышпен айтып, осы саланың нығая түсетініне сенім білдірді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу