Орталық Азия елдерінде қала құрылысы қатты қарқын алған. Бұл- экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, қоршаған ортаны ластап, жасыл желекке зиянын тигізіп жатыр. Мәселенің шешімін табу жолдары қандай? Осы тақырып тұңғыш рет Ташкентте өткен Орталық Азия урбан форумында талқыланды. Халықаралық шараға қазақстандық сәулетшілер мен урбанист мамандар да қатысты.
Астана, Алматы мен Ташкент, Бішкек пен Душанбе секілді ірі шаһарлар көбіне ауа сапасының нашарлығы бойынша жаһандық рейтингте көш басында жүреді. Тұрғындардың лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз ету үшін тың жобаларды қолға алу маңызды. Форумға жиналғандар осы төңіректегі пікірін ортаға салды.
Асхат Сәдуов, архитектор-урбанист, «Алматыгенплан ҒЗИ» ЖШС басшысы:
Орталық Азия елдерінің осындай ауқымды мәселені талқылау үшін бір алаңға жиналғаны қуантады. Келесі кездесу Алматыда өтеді деп сенемін. Урбан форум ерекше бастамалар мен тәжірибе алмасуға жетелейді. Әлемдегі дамыған елдерде өтетін осындай жиындардан үнемі тың идея алып қайтамыз. Жаңашылдыққа ұмтылу, заманауи көзқарас қалыптастырады.
Урбанизация мәселесінде қалалардағы инфрақұрылымның тұрақты дамуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте мемлекеттік орган мен жеке сектор өкілдері, сәулет- құрылыс саласы мен экология және цифрлық технология мамандары өзара ашық диалог құруға мүмкіндік алды. Форумның тағы бір ерекшелігі гендерлік саясатты ұстанып, әйелдердің сәулет саласына көптеп келуіне жол ашу.
Нилюфар Маткаримова, Өзбекстан Республикасы Жастар ісі агенттігінің бас маманы:
Мақсат жас мамандарды, оның ішінде қыз келіншектерді қолдау. Әсіресе, архитектура, дизайн ісінде нәзік жандылардың өз қолтаңбасын қалдыруын құптаймыз. Тың идеяларға құрылған ерекше жоба ұсынған жастарға дем беру, жан жақты көмек көрсету біздің агенттіктің әрдайым назарында
Форум қорытындысы бойынша арнайы декларация қабылданды. Бұл құжат урбанизация процесіндегі тұрақты дамуға жол ашуды көздейді. Атап айтқанда, «Жасыл бастама»,«Ақылды қалалар» секілді жобаларды барынша дамыту әрі түрлендіру жүзеге аспақ.
Базаргүл Отыншиева