«Бала қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты». Бұл психолог мамандардың пікірі. Яғни, ұл-қызыңызбен жылы, ашық әрі сенімге негізделген қарым-қатынас құру маңызды. Онсыз басқалар тарапынан буллингке ұшырап, онлайн ойындардың жетегінде кетуі мүмкін.
Серік Жұмабек, тілші:
Саналы, тәртіпті ұрпақ тәрбиелеу мектеп пен мемлекеттің емес, ең алдымен әке мен ананың жұмысы. Қазіргі уақытта ең өзекті мәселе, бала қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керек?! Мамандар мынадай кеңес береді.
Ең алдымен балаңыздың әлеуметтік желіде кіммен сөйлесетінін біліңіз. Күдікті, күмәнді, қауіпті және оғаш атаулары бар топтарға, сондай-ақ балағат сөздер мен агрессивті пікірлер жазылатын парақшаларға тіркелмеуін қадағалаңыз.
Telegram, Instagram және Tiktok әлеуметтік желілерінде мынадай қауіпті парақшалар мен ойындар бар. «Қызыл дельфин», «Тыныш үй», «Мені сағат 4:20-да оят», «Киттер теңізі», «School boys», «Құс жолы», «U19», «F57», «Көк кит». Міне, дәл осы ойындарды телефоннан өшіріп тастаған жөн. Ал, баланың интернетте қанша уақыт өткізгенін және қандай сайттарға кіргенін арнайы қосымшалар арқылы біліп, тыйым салып отыру керек.
Қауіп тек телефонда ғана емес. Баланың оқитын кітаптарына да назар аударыңыз. («Детектив мысықтың оқиғалары», «Фрауке Шойнеманн», «Қардағы пион гүлдері», «Schoolboy runaway - stealth») Мысалы, мына кітаптар баланың жасына сай келмейді. Себебі, мазмұны өлім туралы.
Егер, балаңыздың көніл-күйі күрт өзгеріп, агрессияға берілсе, өзін оқшау ұстаса, оқу үлгерімі нашарласа, гаджеттерді жасырын пайдаланып, жаңа таныстарын жасырса, бейәдеп сөздер мен ерсі өтініштер айтса 111 номеріне қоңырау шалыңыз немесе психологиялық қолдау орталықтарына және бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерге хабарлассаңыз болады.
Серік Жұмабек, тілші:
Ең дұрысы, баламен үнемі сөйлесіп, оның жеке өміріне бейжай қарамайтыныңызды көрсетіңіз. Бала сізге кез келген уақытта келіп, өз ойымен бөлісе алатын болуы керек.
Серік Жұмабек