Жаңаөзенде 150 отбасы апатты үйлерден көшіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде 150 отбасы апатты үйлерден көшіріледі

24.09.2024

Маңғыстауда Жаңаөзен қаласының 150-ге жуық отбасы апатты үйден көшіруді сұрайды. Өйткені әбден тозығы жеткен баспана бір жағына қарай қисайып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Темір жол вокзалы маңындағы үйлер 60 жылдары пайдалануға берілген. Бүгінде іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып, баспалдақтары құлаған. Инженерлік жүйелері де тозған. Осындай 2 қабатты 9 үй бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар тұрып жатыр.

Нұрпейіс Құлжанов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Мына астымыздағы тоғызыншы пәтерде стенкілері жарылып мына жар да, адамның қолы сиятындай күйге жетті. 5 бала-шағам бар. Ертең аяқ астынан адам шығыны болмай тұрып, бір үй бергені дұрыс деп жатырмыз.

Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбайдың айтуынша, аталған үйлер күрделі жөндеуге жатады. Бірақ соған қарамай тұрғындарды көшіруге шешім қабылданған. Сондай-ақ ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуға ниетті инвесторлар табылған. Енді жыл соңына дейін жобалау жұмыстарын аяқтап, келесі жылы тұрғын үйлердің құрылысы басталуы тиіс.

Жансейіт Қайнарбай, Жаңаөзен қаласының әкімі:

Мүмкіндігі жоқ азаматтарға мемлекет жағынан қолдауға аламыз. Ал мүмкіндігі бар азаматтар болатын болса олар өздерінің міндеттемелерін алады. Яғни басқа жақтан квартира жалдау, не болмаса тумаластарының үйіне көшу мәселесін айтып жатырмыз. 


Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу