Қызылорда облысында білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі ескі мектептер. Биыл азып-тозған 8 білім ордасының ғимараты қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа оқу маусымында пайдалануға берілді. Өңірде үш ауысымдық мектептердің де мәселесі шешімін тауып келеді.
Осыдан отыз жыл бұрын іргесі қаланған 222 мектеп қаладағы көнерген білім ордаларының бірі еді. Ескі ғимараттың сыртқы беті металл панелдерімен қапталып, ағаш терезелері түгелдей ауыстырылды. Мектеп іші де толықтай жаңарып, оқушылар жайлы кабинеттерде білім алып жатыр.
Гауһар Ниязбаева, мектеп мұғалімі:
Бұрынғы ескі терезелер кеуіп қалады, ағаштары кепкеннен кейін қанша жамағанымен жел ұрып тұратын шындығына келген кезде. Балаларымызға өте қиын соғатын. Күрделі жөндеуден өткеннен кейін, алдағы келе жатқан қыста балаларымыз жылы жерде отырады деп ойлаймын.
Жалпы биыл шаһардың ескірген 5 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 4 білім ордасында бала саны еселеп көбейіп, үш ауысымдыққа көшу қаупі туындаған. Бірақ, мектеп ауласынан қосымша ғимараттар салынып, мәселе оңтайлы шешімін тапты.
Динара Оспанова, мектеп директорының орынбасары:
Бұрын егерде 624 орындық мектепте 2 мың бала оқыса қазір осы екі ғимаратта 2500-дей бала оқиды. Осы жаңа ғимаратта 17 сынып комплектісі бар. Сол 17 сынып үш этажда орналасқан.
Биыл аймақта алғашқы жайлы мектептің де құрылысы аяқталып, жуырда пайдалануға берілмек. Заманауи үлгідегі жаңа білім ордасы ашылса, қаланың сол жағалауындағы 1800-ге жуық баланың білім алуына мүмкіндік береді.
Әділбек Серікұлы