Тұран жолбарысы қайта оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұран жолбарысы қайта оралды

24.09.2024

Елімізде бір де бір тұқымы қалмаған Тұран жолбарысы қайта пайда болды. Алматы облысына Нидерландыдан популяциялық ұқсастығы 95 пайыз болатын амур жолбарыстары жеткізілді. Мысықтұқымдас жабайы жыртқыштарды әкелуге сол келдің елшілігі көмектескен.

Қызғалдақтар елімен маусым айында жасалған меморандум аясында 2 жолбарыс елге жеткізілді. Мысықтұқымдас жануардың аталығы 9 жаста, аты Кума. Ал «Багдана» есімді аналығы 12-де. Қазір жабайы аңдар Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» резерватына орналастырылды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Бүгін міне, осы 7 жыл бойы іске асырылған үлкен бағдарламаның арқасында осы алғашқы 2 жолбарыс келіп отыр. Бұны жалғасы ретінде келесі жылы Ресей Федерациясынан тағы төртеуін аламыз. Осы алты жолбарыс болашақта біздің Қазақстандағы «Тұран» жолбарысының популяциясын қайтарып, өзінің қалпына келтіруге бізге үлкен қолғабыс болады.

Қазақстан аумағын мекендеген Тұран жолбарысы жетпіс жылдай бұрын жойылған. Жыртқыштың тарихи мекені еліміздің оңтүстік аймағы. Салмағы 240 келідей. Елге әкелінген амур жолбарысы мен «Тұранның» айырмашылығы жоқ, популяциялық сәйкестігі 95 пайыз, - дейді министрлік өкілдері.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

Бәрі сол Голландия жағынан қаржыландырылды және де «Жабайы аңдар» қорымен осы жобаны әрі қарай қаржыландыруға келісімге келдік. Болашақта осы алынған, осы жолбарыстардан алынған тұқымды табиғатқа жібереміз деп жоспарлап отырмыз.

Енді жабайы жыртқыштардың жерсінуі, өсуі мен көбеюі мамандардың жіті бақылауында болады. Үйреніскеннен кейін біртіндеп табиғатқа жіберіле бастайды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу