Сарапшы: Қазақстанның АЭС салуға құқығы мен әлеуеті бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы: Қазақстанның АЭС салуға құқығы мен әлеуеті бар

24.09.2024

«Қазақстан өзінің алғашқы АЭС cалу мәселесін қарастыру арқылы энергетикалық тәуелсіздікке қарай елеулі қадам жасауда». Америкалық сарапшылар осындай баға беріп отыр. АҚШ-тың бұрынғы энергетика вице-министірі Дэниел Понеманның айтуынша, Қазақстан атом энергетикасын дамыту арқылы тұрақты қуат көзіне қол жеткізіп, экология мәселесін шешуге де мүмкіндік алады.

Қазақстанның бай уран ресурстары оны жаһандық энергетикалық аренада маңызды ойыншыға айналдырды. Қазіргі таңда бұл отынның қырық пайызын өндіреді. Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі уранның ең ірі өндіруші ретінде елдің атом электр станциясын салуға толық құқығы бар, әлеуеті де жетеді.

Дэниел Понеман, АҚШ-тың бұрынғы энергетика вице-министрі:

Халықаралық агенттік Қазақстанды ядролық отын банкін орналастыру үшін таңдады. Бұл банк отынға мұқтаж елдерге көмектесуге арналған. Бізге дәл осындай жүйе қажет.

Ядролық энергияға көшу экологиялық проблемаларды шешудің бірден-бір амалы. Сондықтан сарапшылар атом электр станциясының құрылысына құйылған қомақты қаржы экономикалық да экологиялық тұрғыдан да еселеп ақталады деп отыр.

Уэслей Александр, энергетикалық саясат бойынша сарапшы:

Қазақстан ғана емес, кез келген ел бір атом электр станциясын салғаннан гөрі 5, 10 немесе 20 атом электр станциясын салғаны дұрыс болар еді. Бұл әсіресе халықаралық климаттық мәселелерге, энергия тапшылығына және тауарлар бағасының өсуіне байланысты маңызды.

Демек атом энергетикасына бөлінген қаржы болашаққа құйылатын инвестиция. Сол себепті алпауыт елдер АҚШ та, Қытай да бұл саланы дамытуға стратегиялық тұрғыдан мән беріп отыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу