Телефонға телмірген балалар үшін тағы бір қауіп төнді. Соңғы апталарда ата-аналар аса алаңдап, үрейлі үндеу жасап жатыр. Чаттардағы хаттарға сенсек, жаңа қауіпті ойын пайда болған. Қосымшада балаға түрлі тапсырмалар беріледі екен. Басым бөлігінің мәні – ата-анаға деген агрессияны тудырып, үйден қашып, түрлі қатерлі қадамдарға баруға итермелейді. Осы және өзге де жағдайларға байланысты еліміздегі барлық мектептерде бала қауіпсіздігіне арналған ата-аналармен жиналыс өткізіліп жатыр. Онда қауіптің алдын алу шаралары баяндалады.
Ойынның атауы «Үйден қашу» деген мағынаға саяды. Әрі қарай, көше кезген балаға онлайн теріс тапсырма, бұрыс бұйрықтар беріледі. Қосымшаның құрығына түскен баланың әр қадамы қауіпті.
Осы жағдайдан кейін Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігіне қауіпті ойындарды бұғаттау жөнінде хат жолдады. Ал психологтар бұл мәселенің туындау себебі мен шешімі әр отбасыға байланысты екенін айтады.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Ең оңай манипуляцияға ұшырайтын балалар, ата-ана тарапынан көңіл бөлінбеген балалар. Өйткені, өзінің табиғатында бала көңіл бөлуге өте мұқтаж болады. Ата-ана менімен сөйлессе екен, құшақтаса екен, мақтаса екен, қолдаса екен деп мұқтаж болып тұрады. Оны ата-ана бермеген кезде, оны кім береді, соның әсерінде қалады.
Бала – білсем, көрсем деп тұрады. Неге болса да қызығушылық қуатты. Сондықтан түрлі зиянды қосымшалар мен ойындар баланың зейініне зілдей батып, санасын уламасын десек, шектеу қажет. Мөлшерден асқанның бәрі зиян.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірде бір заң адамды сен мынаны істеме, мынаны қарама деп шектей алмайды. Мемлекеттің, Үкіметтің парызы жақсы жолды ұсыну. Негативті жаққа бала бара ма, бармай ма ол жақындарына, қоршаған ортасына байланысты.
Ал мамандар баланың телефонмен қандай қосымшаны көргенін біліп отыру үшін ата-аналарға бақылау бағдарламасын жүктеуге кеңес береді.
Азамат Бейбітұлы