Ұлытау облысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс жалауын желбіретті. Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған сайыста спорттың 5 түрінен сынға түсті. Жігіттердің білек күші сынға түскен бәсекеде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай қомақты сыйлықтар табысталды.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарысқа Ұлытау, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан келген ойыншылар қатысты. Өңкей мығым білекті жігіттердің арасында осалы жоқ. Олардың арасында байрақты бәсеке мен түрлі чемпионаттардың жүлдегерлері де бар. Оғыландар жаппай көкпар, қошқар көтеру, аударыспақ, арқантартыс, садақ ату сынды ойын түрлерінен бақ сынасты.
Дулат Төлегенов, облыстық дін істері басқармасының басшысы:
Ұлытау өңірінде облыстық мешіттің ұйымдастыруымен және жеке кәсіпкер Жанұзақ мырзаның бастамасымен ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтіп жатыр. Ұлттық спорттың дамуы мен ұлттық құндылықтардың кеңінен насихатталуына берері үлкен деп есептеймін. Біздегі кәсіпкерлер мен меценаттарды ұлттық спорт пен салт-дәстүрдің дамуына үлестерін қоса беруге шақырамын.
Ал Бекнұр Үкібайдың садақ ату спортымен шұғылданып жүргеніне 5 жылдан асыпты. Жас ойыншы осы жолғы сайыста да жеңісті жолдан жаңылмайтынына бек сенімді. Ол аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.
Бекнұр Үкібай, жарысқа қатысушы:
Өзім және де садақ ату деген ойынға қатысамын. Жүлделі орындарға ие болсам деймін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Осылай қазағымыздың салт-дәстүрі мен төл спорты дами берсін.
Жарыста оқ бойы озық шыққан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар берілді. Аударыспақтан бірінші орынды Жаңаарқа ауданынан келген Ердәулет Матай иеленді. Екінші орынды түркістандық Рамазан Шырынхан, үшінші орынды жезқазғандық Бейбарыс Отыншы еншіледі. Ұлытау облысында қазір көптеген спорт федерациялары жүйелі жұмыс істейді. Соның арқасында өңірде төл спорттың тамырына қан жүгіріп, қайта түледі.
Жандос Бақытұлы