Көшпенділер ойындары кезінде түсірілген кадрлар әлем жұртшылығының назарына ілікті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшпенділер ойындары кезінде түсірілген кадрлар әлем жұртшылығының назарына ілікті

22.09.2024

Бұл Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақтар. Фотоларды танымал фотожурналист Джимми Нельсон 2011 жылы түсірген.

Ол қырық жылдан бері әлемді шарлап, адамдарды байырғы ұлттық киімдерімен суретке түсіреді. Мақсаты – әр ұлттың тарихи болмысын көрсету. Осы мақсатта Астанадағы көшпенділер ойынына да келген. Қазақтарды түсірген. Олардың арасында апалар, қыз-келіншектер, ерлер де бар. Әзірге суреттерін Instagram желісіне салмады. Бірақ кітап қылып та шығаруды жоспарлап қойған. Яғни ұлтымыздың кескін-келбеті таспаланған құнды дүние жарыққа шығуы мүмкін.

Ал АҚШ елшілігінің Инстаграм парақшасына жүктелген мына суреттер қазір желіде көп тарап жатыр. Көшпенділер ойынына келген ковбойлар Астана маңындағы шаруа қожалықтарының біріне барған. Оларға қазақтың жүннен жасалған өнімдері көрсетіліп, ұлттық тағамдар ұсынылған. Айта кетейік, АҚШ пен Қазақстан туын ұстап, атпен шауып жүрген екі елдің азаматтарының видеосын бір аптада 350 мың адам қараған.

Көшпенділер ойынында ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз бір жаңғырғандай. Әсіресе, қыз-келіншектердің киіміне қатысты радикалдық ағымдағыларға тағы бір рет «міне, қараңдар!» дедік. Қазақ қыздары қалай киінгенін, қалай жүргенін әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар көрді. Оны белсенді азаматтардың бірі Бурахан Дакановтың мына жазбасынан аңғаруға болатындай. Еуропа мен Америкадан келгендер шығыс қыздарының тарихи болмысын көріп таң қалып жатқанын айтады....

Бурахан Даканов, «Тәуекел» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Кеше біреуінің видеосын көріп қалып ем. Ол «менің шығыс қыздары жайлы таным түсінігім мүлдем қате болыпты. Мен оларды матаға оранып жүретін, көмбіс әйелдер болған деп қана елестететінмін. Бірақ Көшпенділер ойынында, Қазақ қыздарының оранбағанын, құқығы ермен тең болғанын, керек болса қару алып ел қорғай алатын жауынгер де бола алатынын көрдім. Қысқасы, Көшпенділер қоғамында әйелдің статусы ерлермен шамалас болыпты» деп жатыр. Қандай керемет, ә?!

Қасты сүрлеп, бетті тартқызып, ерінді үрлеп қою – әрине, әркімнің өз шаруасы. Бірақ олар Джимми Нельсон немесе басқа кез-келген ұлт фотосын жасайтын суретшінің камерасына ілікпейді.


Аман Сейітхан

Хабарламаларға жазылу