Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша транзит көлемі 20 есеге ұлғайды. Бұл туралы Қытайдың Сиань қаласында өткен Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен 8 халықаралық «Жібек жолы» көрмесі- «Қытайдың Батыс және Шығыс аймақтарының инвестициялары мен сауда ынтымақтастығы» форумында айтылды. Толығырақ, Серік Жұмабек тарқатады.
Сиань қаласы ЖІӨ 470 миллиард АҚШ долларынан асатын Қытайдың ең ірі қалаларының бірі. Дәл осы жерде ҚТЖ Қазақстан-Қытай терминалын салып, Мемлекет басшысы іске қосқан болатын.
Бүгінде Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалданатын контейнерлік пойыздардың 30 пайызы осы порттан жөнелтіледі. Мұнда әкелінетін жүктердің 40 пайызы Қазақстаннан келеді. Ағымдағы жылдың 8 айында Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы 200 пойыз жүрді. Жүкті жеткізу мерзімі де қысқарды. Мысалы, қазір Әзірбайжанға 11, Грузияға 14 күн ерте жетеді.
Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
Хаб құрылысы екі ел үкіметтерінің қолдауына ие болды және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру Қазақстанның халықаралық логистикалық жүйедегі ұстанымын күшейтеді және көлік саласын дамыту үшін жаңа перспективалар ашады.
Форум аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша Қытай- Еуропа контейнерлік пойызының алғашқы рейсі салтанатты түрде жөнелтілді.
Форумда ҚТЖ серіктестермен бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізді. Нәтижесінде, «Ляньюньган порты» мен «Ақтау портында контейнерлік хаб салу» жобасын іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол қойылды.
Сунь Имин, Сиань халықаралық порты партия комитетінің хатшысы:
Шынында да, транскаспий бағыты жаһандық аспектіде маңызды орынға ие. Қазір біз қазақстандық серіктестеріміз ҚТЖ компаниясымен осы ынтымақтастықты кеңейтуге және осы бағытты дамытуға үлес қосуға тырысамыз. Мысалы, бұрын аптасына бір пойыз жіберілетінін болса, қазір күн сайын бір пойыз жөнелтіледі.
Мамандар, Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиялық көлік жүйесінің маңызды буындарының біріне айналатынына сенімді. Алда контейнерлік хабтың транзиттік тасымалдау көлемін арттыру міндеті тұр.
Серік Жұмабек