Ел ішінде жүрген электромобиль саны биыл 10 мыңнан асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9 пайызға көп. Көліктің бұл түрінің көбеюіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай оң әсер етіп отыр, - дейді мамандар. Десе де, автокөлік иелерін толғандыратын біраз мәселе бар.
Астаналық Айдана Омарованың электромобильмен жүріп жүргеніне 1 жылдан асты. Тиімді тұстары көп екенін мойындайды. Экологиялық таза көлік болғандықтан, утиль алымы жоқ. Баж салығын да төлемейді.
Динара Жарқынбек, тілші:
Электрмобильдер үшін автотұрақ тегін болады. Ол үшін көлік иелері eOtinish сайтына өтініш беріп, тіркелуі тиіс. Ақысыз тұраққа тіркелу тізімі жыл сайын жаңарып отырады.
Алайда Айдана Омарованы алаңдататын мәселе де бар. Ол – тоқпен жүретін көлігін қуаттайтын бекеттің аздығы.
Айдана Омарова, қала тұрғыны:
Алғаныма 1,5 жыл ғана. Жаңа болғандықтан, 1 сағатта қуатталады. Бірақ, қыста өте қиын. Жазда бір қуаттап алсам, ол 3 күнге жететін. Ал, қар түссе 1 күнге зорға жетеді. Қыста қуат тез таусылады. Тағы бір қиын мәселе бар. Ұзақ жолға шықпаймыз. Себебі, трассаларда қуаттайтын станция мүлдем жоқ десем болады.
Индустрия министрлігінің дерегінше, республика бойынша бұл көліктерді қуаттайтын 200-ге жуық станция бар. Болашақта тағы да ашылады. Экологтардың айтуынша, көліктің бұл түрі экологияға сөзсіз тиімді. Бірақ, қуатты көп қажет ететіндіктен, жылу электр станцияларына салмақ түседі.
Бекберген Керей, эколог:
Ал енді бұл жердегі мәселе, бір электромобильдң шығару үшін мына дәстүрлі мәшинені шығарғаннан гөрі, 2 есе электр қуатын жұмсаймыз.
Тағы бір шешілмеген түйткіл бар. Ол – осы электромобильдердің батареясын жоятын, яғни, утилизация жасайтын зауыттың жоқтығы.
Асель Ынтымақова, ҚР ЭТРМ қалдықтарды басқару департаментінің басқарма басшысы:
Электромобильдердің елге келгеніне көп болған жоқ. Сондықтан, бүгінге дейін аккумуляторды утилизацияға өткізген адам жоқ. Бұл аккумуляторды жоюмен айналысатын инвестор керек. Мүмкін шетелдік компания келер. Мұндай зауыттың нақты қай жылы, қайда салынатыны белгісіз.
Дегенмен, дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Сала сарапшыларының айтуынша, қазақстандықтар жаппай электромобильге ауысқанша уақыт бар.
Ербол Сейпілов, Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі:
Электромобильдерді жалпы жаппай қолданады дегенге, бензин не дизельмен жүретін көліктерді ығыстырады деген, әрине, ол қазір ертерек. Өйткені бұл қымбат сегменттегі көліктер болып саналады.
Еуропа елдері 2050 жылдан бастап біржола электромобильге көшуді жоспарлап отыр. Ал, АҚШ, Қытай сияқты елдерде автонарықтың жартысын осы экологиялық таза көлік басқан.
Динара Жарқынбек