Қазақстан мұғалімдері Лондонда білімдерін шыңдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мұғалімдері Лондонда білімдерін шыңдады

20.09.2024

Қазақстандық педагогтер Лондонға барып, білімдерін шыңдады. Олар британиялық әріптестерімен кездесіп, үздіксіз кәсіби даму жүйесінің озық үлгілерімен танысты.

Қазақстанда ағылшын тілі пәнін тиімді оқыту мәселесі өзекті болып тұр. Бұл туралы 2 жыл бұрын Қазақ-Британ үкіметаралық комиссия отырысында айтылды. Ғылыми зерттеу жүргізіліп, мұғалімдер британиялық озық әдістемемен танысуы керек деген түйін жасалды.

Әлия Чокушева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің басқарма басшысы:

Жаңа ақпаратты осы кісілерден алып, өзіміздегі проблемаларды шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз.

22 адамнан тұратын делегация құрамында ауыл мұғалімдеріне дейін бар. Ұлыбритания халықаралық сауда Департаменті және Британ кеңесі оларға үздіксіз кәсіби даму жүйесін терең меңгерген мектептер мен универсиеттерге сапарлар ұйымдастырды.

Ливия Матэй, Кингс Колледж Лондон Университеті білім, коммуникация және қоғам мектебінің басшысы:

Біз үздіксіз кәсіби даму мәселесіне ерекше мән береміз. Қазақстандық әріптестерімізбен тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Сапар барысында мұғалімдерді сертификаттау, олар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және мектеп басшылары мен әдіскерлерді қолдау мәселелері де басты назарда болды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу