Жолдауға Өзбекстан сарапшылары да баға берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдауға Өзбекстан сарапшылары да баға берді

20.09.2024

Соңғы бес жылда Қазақстан түбегейлі өзгерді. Экономикалық өсім, заң мен тәртіптің орындалуын қамтамасыз ету мықтап қолға алынды. Ташкентте Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауын талқылауға жиналғандар осылай десті. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге сарапшылар мен зиялы қауым, көрші елде тұрып жатқан қандастарымыз қатысты.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы жолдауда ақша-несие саясаты, салық жүйесі мен инфрақұрылым мәселелеріне басымдық берілген. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, кәсіпорындардың әлеуетін пайдалану тұрғысында қолға алынған шаралардың біздің елімізге де қатысы бар дейді өзбекстандық сарапшылар.

Мухсинжон Холмухамедов, Өзбекстан Президенті әкімшілігіне қарасты экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы директорының орынбасары:

Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан арасында сауда саттық көлемі үш еседей өсті. Біздің елімізде жұмыс істеп жатқан қазақстандық компаниялар саны артып, инвестиция ұлғайды. Көлік және коммуникация, құрылыс салаларында екі мемлекеттің өзара ынтымақтастығы күшейіп келеді.

Көптеген маңызды жобаларды қос ел бірлесе отырып жүзеге асырып жатқаны осының айғағы. Жалпы жолдау жүктеген міндеттер қатарында Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді пайдалану, халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерді шешу, оның ішінде білім саласы мен бұқаралық спортты дамыту жайы да бар.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ЖОО Шыршық филиалының директоры, т.ғ.д, профессор:

Ғылым мен білім, ғылымды прогрессивті дамыту мәселесі осыларды айтқан кезде Президенттің өз сөзімен айтсақ, біздің әділетті Қазақстанды жасау үшін алғышарттардың барлығы қазір қабылданып жатыр.

Президент банктердің жұмысын реттеу, шағын-орта бизнесті дамыту бойынша да маңызды міндеттер жүктеді. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов өз баяндамасында қолға алынған шараларға тоқталды. Қазақстанда ауқымды стратегиялық реформалар жүріп жатыр. Биылғы Жолдау солардың жалғасы. Экономика, саясат пен идеология саласын қатар жаңғыртуға бағытталған қадам аса құптарлық десті жиналғандар.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу