Тасқыннан зардап шеккен Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғындарының өтемақылары толығымен өтелді. Қаражаттарын алған азаматтар тұрғын үйлерін қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Баспаналары апатты деп танылғандар үшін жаңа үйлердің құрылысы басталған.
Тасқын кезінде баспанасы су астында қалып, жарамсыз күйге түскен тұрғындардың бірі – Илан Зағыпарова. Қазір ағайындарының үйін паналауға мәжбүр. Су келген сәтте үйінен құжаттардан басқа ешнәрсе алып үлгермепті. Енді жаңа баспананың берілуін асыға күтіп жүр.
Илан Зағыпарова, Қоныстану ауылының тұрғыны:
Қара шаңырағымыз суға кетіп қалғасын ренжідік, жыладық. Енді бәріне де көнеміз. Табиғат апаты.
Тосыннан келген өр суы шаруаларға да оңай соқпады. 60-тан аса қожалық иесі зардап шеккен. Жалпы аудан бойынша өтемақы толық өтеліп бітті. 58 өтініш қабылданып, 61 млн теңге сомасында қаражат төленген. Ақшасын алған шаруалар үйлері мен қора-қопсыларын қайта тұрғызып, баяғы тіршілігіне оралуда.
Жасұлан Есқайыров, шаруа қожалық иесі:
Өлген қойдыкін де, жылқынікін де төледі. Табылмағандары кетті енді. Үйді 11 млн 600 мыңға бағалаған. Рахмет, айтқанын берді.
Қызылқоға ауданында жағдай қазір едәуір тұрақталды. Су көп келгенімен халық бір ауыздан жұмылып төтеп берді. Келген шығын да көп емес. Көп кешікпей жаңа үйді таңдаған 4 тұрғын қоныс тойын тойлайды. Біреуі Миялыда, ал 3баспана Қоныстану ауылының басынан салынып жатыр. Жалпы жұмыстарға жергілікті әкімдіктен 96 млн теңге бөлінген. Қазір жауапты мамандар алдағы тасқын суға дайындықты бастап кетті.
Ерболат Иғали, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:
Су тасқынын қамтамасыз ету мақсатында 82 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар 6 техника алуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 2 техника келді, 4 техника осы айдың ішінде келеді.
Сонымен қатар Сағыз-Ноғайты өзендерінің жағасын бекіту үшін жоба әзірленіп, қазір сметалық құжаттары жинақталып жатыр. Бұған қоса 16 шақырым қосымша бөгет тұрғызылып, Қызылқоға, Көздіғара округтеріндегі шлюздер жабылған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт