Елімізде кадр тапшылығын жою мәселесі әлі де өзекті. Басты міндеттің бірі – экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету. Бұл жөнінде халыққа арнаған жолдауында Мемлекет басшысы айтқан еді. Сұранысқа ие мамандықтарды дайындау ісі басталып та кетті. Қазірдің өзінде біздің елмен шетелдік беделді 23 жоғары оқу орны ықпалдаса жұмыс істеп жатыр. Яғни білім беру саласындағы әлемдік озық тәжірибелер Қазақстанда да жүзеге аса бастады.
Көркемай бір жыл бұрын мектеп бітірді. Қолына аттестатын алған сәттен шетелдік беделді оқу орындарының біріне оқуға түсуді армандаған. Ол арманына елде жүріп-ақ жетті. Бір жыл бұрын Ақтөбеден британиялық «Хэриот уатт» университетінің кампусы ашылғанда, ойланбай құжат тапсырды. Қазір «Компьютерлік инженерия» мамандығында оқып жатыр.
Көркемай Елеусіз, студент:
Айырмашылықтар бар оқу-білімде. Мысалы, біз бірінші оқу жылында физика-математика, фондейшн бағдарламасын оқыдық. Информациялық технология пәнінде де біз актуальды тақырыптарды өткен болатынбыз. Қазіргі күні екінші курсқа енді өтсем де, қазірдің өзінде мен өзімнің стартап проекттерімді жүзеге асырып жатырмын.
Білім ордасында шетелдерде тәжірибе жинаған, білікті мамандар қызмет етеді. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан бірінші курсқа келген студенттер алдымен шет тілін терең меңгеруге күш салады. Оқу бағдарламасы мен сабақ процесінде де өзгешеліктер бар.
Бекдәулет Шүкірғалиев, «Heriot-Watt» университетінің доценті:
Филиалдардың ішінде ең сәтті жұмыс істеп жатқан филиалдың бірі деп айта аламын. Бізде академиялық құндылық, шыншылдықты ұстану деңгейі өте жоғары және білім сапасы да өте жоғары. Эдинбургтан, Малайзиядан, Дубайдан әріптестеріміз келіп тұрады. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз.
Университетте жолдауда айтылған инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру ісіне ерекше мән беріледі. Президент мұндай білім ордаларына барынша қолдау көрсету керектігін де айтқан болатын.
Маркс Биггс, «Heriot-Watt» университетінің вице-провосты:
Қазақстан халықаралық деңгейде жоғары білім беру жүйесін құруға ұмтылуда.Бұл мемлекеттік саясаттың бір бөлігі екенін білемін. Біз Жұбанов университетімен бірлесіп, осы үлкен жобаны қолға алдық. Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретін бұл бастамаға үлес қосып жатқанымызға шынымен мақтанамыз.
Мемлекет басшысы «Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек» деген болатын. Бұл білім ордасы қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Студенттер болашақта экономиканың әр саласында жоғары сұранысқа ие болатынына сенеді.
Жақсыбек Кемал