Ата-аналардың 19% баласының ғаламторда не жариялайтынынан бейхабар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата-аналардың 19% баласының ғаламторда не жариялайтынынан бейхабар

19.09.2024

Қазақстандағы әрбір оныншы ата-ана ғаламторда отыратын баласының қателігінен шотындағы қаражатынан айырылады. Яғни кәмелетке толмағандар түрлі платформаларға кіру үшін үлкендердің картасын тіркеп, кіруге рұқсат алады. Сондай-ақ ата-аналардың 19 пайызы балаларының әлеуметтік желіде не жариялайтынынан бейхабар. Бұл туралы арнайы сауалнама жүргізген «Касперский Зертханасы» ұйымы хабарлады. Сауалнамаға мыңнан астам адам қатысқан. Мамандардың сөзінше, кәмелетке толмағандардың 62% түрлі күлкілі бейнероликтер мен мемдерді тамашаласа, 59% онлайн ойындар ойнайды. 53% әлеуметтік желі арқылы достарымен сөйлессе, 52%-і түрлі фильмдер мен сериалдар көріп, музыка тыңдағанды жөн көреді. 6 жасқа толмаған әрбір жетінші бүлдіршіннің жеке парақшасы бар. Олардың басым бөлігі, яғни 74% TikTok желісін пайдаланады.

Сиден Андрей, «Касперский Зертханасы» балалардың онлайн қауіпсіздігі бөлімінің басшысы:

Әлеуметтік желіде балалар өзі туралы ақпаратпен жиі бөлісіп отырады. Кейбір парақшаларға тіркелу үшін жеке құпия мағлұматты беруі мүмкін. Мысалы, үйінің мекен-жайын, телефон нөмірін, қай мектепте оқитынын қалдырып жатады. Бұл ақпараттар кейін өзіне немесе ата-анасына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана ғаламтордағы қауіпсіздік мәселесін алдымен өздері жақсы меңгеріп, кейін балаларына түсіндіруі қажет.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу