Алматы облысында үш адам құдыққа түсіп көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында үш адам құдыққа түсіп көз жұмды

17.09.2024

Алматы облысы Кеген ауданында үш бірдей адам құдыққа түсіп, көз жұмды. Ауыл жұртының айтуынша, кешкі уақытта үйге су келмей, тоқтап қалған. Марқұмдар аудандық су каналына қарайтын құдықты ашып, өз беттерінше жөндемек болған. Жазым болғандардың туыстары әу баста құдық құрылыс талаптарына сай салынбаған деп отыр. Ал оқыс оқиғаға тікелей жауаптылар не дейді? Айдана Қуантхан біліп қайтты.

Бір шаңырақтың отағасы мен 15 жастағы жалғыз ұлы, үйге су келмей қалған соң құдықты ашып, тексермек болады. Сөйтіп алдымен баласы, одан соң әкесі түседі. Артынша көмекке келген көршісі құдыққа кіріп, үшеуі бірдей жан тәсілім етеді.

Дина Айтбаева, марқұмның туысы:

Үш бірдей адамнан айырылып отырмыз. Мен бүгін аза тұтып отырмын. Заңды шарасын қолданыңыздар, табыңыздар, анықтаңыздар. Басқа ештеңе айта алмаймын.

Мақпал Шадан, марқұмның туысы:

Тұрғындар осы уақытқа дейін ешкім келіп көмектеспейтінін білгеннен кейін, өздері ашып, жасап жүрген.

Айдана Қуантхан, тілші:

Қос отбасын қара жамылдырған қайғылы оқиға дәл осы жерде болған. Тұрғындар, құдық жермен жексен орнатылған, талаптарға сай емес,- дейді. Ал болжам бойынша марқұмдар улы газға тұншығып немесе тоқ соғып қайтыс болуы мүмкін.

Кеген ауылдық округы әкімдігі құдықтың талаптарға сай орналаспағанын мойындап отыр. Ал оның қақпағын осыдан екі ай бұрын ауыстырған. Жыл сайын көктемнен күзге дейін ауылдағы шыңырауларды кезең кезеңімен тексеріп, жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіледі,- дейді жауаптылар.

Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген ауданының әкімі:

Құдықты кішкене аласа қылып түсіріп кеткен. Ойпаң болған соң бетіне топырақ түсіріп кеткен. Қазір жабық тұрған құдықтар бар, соларды ашып, жұмыс жасаймыз.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу