Павлодарлық жастар «Таза Қазақстан» акциясына балама атаумен онға тарта іс-шара ойлап тапқан. Бірақ мақсат - біреу. Көшелерді мұнтаздай қылып, жасыл желекке бөлеу, табиғатты аялап ұстап, тазалық орнату. Игілікті бастаманың қолдаушылары да көп. Экологиялық акцияға Ертіс-Баян өңірінің 200 мыңнан астам тұрғыны қатысқан. Нәтижесінде 3 мыңға жуық көшет отырғызылып, елдімекендер аумағынан 1 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Арина Краскова, Павлодар қалалық жасыл ел жасағы штабының жетекшісі:
200-ден астам адам тазалық шарасынан қалмай, тұрақты қатысып келеді. Бүгінгі күні менің замандастарымның санасында экологиялық тазалық, табиғатқа ұқыпты қарау сынды түйсік қалыптасты деп айта аламын. Құрбыларымның, достарымның сенбі күндері еш ескертусіз тазалық жұмыстарына шығып жүргені осыған дәлел.
Болат Аманбаев