Ал Маңғыстауда оқушылар жаппай тамақтан уланған мектеп асханасының 7 қызметкерінен жұқпалы ауру анықталды. Еске салайық, өткен аптада Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында №8 жалпы білім беру мектебінің 466 оқушысы тағамнан уланып қалған еді. 100-ге жуық бала ауруханада емделіп, үйлеріне шықты. Мамандар асханадағы дайын тамақ өнімдерінен, су және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алған. Нәтижесінде картоп езбесі, құс етінен әзірленген котлет және соус пен компоттан патогенді бактериялар анықталған.
Ыдыстардан ішек таяқшалары табылды. Сондай-ақ 6 адамның стафилококк жұқтырғаны, ыдыс жуушы әрі оқушыларға ас таратқан қызметкердің дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені белгілі болды. Бұған қоса, 4 қызметкердің медициналық құжаты жалған болып шықты. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аягөз Оралбайқызы