Қазақстандық цифрлық жоба Түркияда қолданылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық цифрлық жоба Түркияда қолданылады

16.09.2024

Қазақстан цифрлық жобалар жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Мемлекеттік қызметтен бастап, мектептегі дәрістерге дейін цифрлы форматты қолданамыз. Отандық жас ІТ мамандар әзірлеген жобалар қазір әлемдік нарықты да бағындыра бастады. Солардың бірі оқушыларға цифрлық сауаттылықты үйрететін «Коди Плэй» платформасы Түркия мектептерінде қолданыла бастамақ.

«Коди Плэй» жобасы оқушыларға компьютер тілі мен робототехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтірмей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазақстандық өнім аз уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің көптеген елдерінде мектеп бағдарламасына енгізілген.

Жанәділ Талдыбаев, «Cody play» жобысының негізін қалаушы:

Біз 2021 жылдан бері нарықтамыз. «Cody play» жобасы бүгінде әлемнің 13 елінде қолданылуда. Біздің жобамызды жасауға бірнеше елдің ұстаздары мен ғалымдары атсалысады. Олардың қатарында университет профессорлары да бар. Негізгі мақсатымыз балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Қазір Түркияда мемлекеттік, жекеменшік және халықаралық мектептермен жұмыс істеп жатырмыз.

Түркияда бұл бағдарлама әзірге бірнеше мектепте қолданысқа енгізілді. Алайда ел аумағында бірқатар білім ошақтары келер оқу жылында қазақстандық өнімді алуға қызығушылық танытып отыр.

Хаяти Октай, «Йетев» мектептерінің директоры:

Біздің Ыстанбұлда 9 мектебіміз бар. Олардың барлығында бастауыштан бастап жоғары сыныпқа дейін компьютерді үйрену, цифрлық сауаттылық, бағдарлама жазу сияқты көптеген дәрістер өтеміз. «Коди Плэй» жобасымен жыл басында таныстық. Биылғы оқу жылында осы бағдарламаны бастауыш мектептерімізге енгізгелі отырмыз. Осыған байланысты мұғалімдеріміз арнайы дайындық семинарынан өтіп жатыр.

Мұғалімдер бұл өнімнің қолдануға ыңғайлы әрі балаларға түсінікті екенін айтады. Цифрлық дәуірде оқушылардың компьютерді тез игеруі үшін осындай жеңіл әрі қызықты бағдарламалар қажет.

Кадер Өзтүрік, информатика пәні мұғалімі:

«Коди Плэй» түрлі деңгейдегі мектеп оқушылары үшін дайындалған тапсырмалары бар өте ыңғайлы платформа екен. Бастауыш оқушылары үшін өте жеңіл бағдарламалау жобаларымен қатар, жоғары сыныптар үшін түрлі жарыстарға жоба дайындауға мүмкіндік беретін күрделі бағдарламалары бар. Бұдан бөлек мобильді қосымшасының болуы да қолдану үшін өте ыңғайлы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде креативті экономиканы дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтқан болатын. Дамыған елдерде креативті экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 10 пайызға дейін жетеді. Елімізде бұл көрсеткіш 2 пайыз шамасында. Сондықтан ІТ саласындағы жаңа жобаларды дамытып қана қоймай, оны өзге елдерге экспорттау заман талабы.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу