Қазақ радиосында «Пенальти» бағдарламасының тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосында «Пенальти» бағдарламасының тұсауы кесілді

07.03.2017
Қазақ радиосында «Пенальти» бағдарламасының тұсауы кесілді

Қазақ радиосы жаңару маусымын бастады.  Бұған дейін радио басшылығы екі ай бойы барлық хабарларды  тыңдап, терең талқылаудан өткізген болатын. Нәтижесінде эфирлік кесте жаңарды. Танымдық және салалық сараптамалық бағдарламалар қосылды.

Ал, күні кеше футбол туралы жаңа жоба тыңдарманға жол тартты. «Пенальти» деп айдар тағылған бағдарлама әр дүйсенбі сайын сағат 20:05-те эфирге шығады.  Ұзақтығы – 50 минут.   Жүргізушілері - танымал блогерлер Аршат Ораз бен Алмас Тоқабаев. 

«Футбол - өтімді тақырып. Жанкүйер ретінде бүгінге дейін телевизия және радиода футбол туралы ешқандай сараптамалық бағдарламаның жоқтығы таңқалдырады. Алмас екеуіміздің аздап радиода тәжірибеміз бар және екеуіміз де футбол фанатымыз. Қазақ радиосының жаңа басшысы Мәди Манатбекке осындай бағдарламаның концепциясын ұсынып көрдік. Оған ұнады, өз идеяларын айтты, жан-жақтан қолдады. Енді тек сенімді ақтап, бағдарламаны әрі қарай алып кету ғана қалды. Алғашқы шығарылымда қатты қобалжу болған жоқ. Ойдағыдай өтті. Тек уақыт жетпей қалды, жоспарлаған кей нәрселерімізді айта алмай қалдық. Тыңдарман қоңыраулары да көп болды. Алдағы шығарылымдарда осының бәрін ескеріп, берілген уақытқа бәрін сыйғызуға тырысамыз», - дейді Аршат Ораз. 

Бұған дейін радио кестесінде спорттық бағдарламалар болған. Олар - «Қазақ спорты» мен «Sport.kz».  Тек футбол жанкүйерлері үшін  ашылған хабар  «Пенальти» болмақ. 

«Алғашқы хабардан-ақ қоңырау шалған жанкүйерлер көп болды. Футболға арналған бұл хабар апта сайын, əр дүйсенбіде тікелей эфирге шығады. Бұл да - біздің тыңдармандарды көбейту бағытындағы қадамымыз. Алдағы уақытта басқа да маңызды бағдарламалар шығаруға ниеттіміз» - дейді «Республикалық радиолар» ЖШС директоры Мәди Манатбек.

 

Хабарламаларға жазылу