Автобус апаты: Жүргізуші ауруханада жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автобус апаты: Жүргізуші ауруханада жатыр

13.09.2024

Алматы облысында болған автобус апатынан зардап шеккен сегіз адамның жетеуі ауруханадан шығарылып, амбулаториялық ем қабылдауға үйіне жіберілген. Қоғамдық көліктің жүргізушісі бүгін жансақтау бөлімінен жарақат бөліміне ауыстырылған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатыр.

Жол апаты дәл осы жерде болған. Алматыдан келе жатқан №78 бағыттағы қоғамдық көлік айналма жол арқылы көпірдің үстіне шыққан. Куәгерлердің сөзінше, сол кезде жүргізушінің денсаулығы сыр беріп, әуелі жолдың оң жағына, одан кейін сол жағына соғылып, төменге құлдилап кеткен.

Сол сәтте Бішкек-Алматы тас жолында келе жатқан шағын автобустың артына құлапты. Оның ішінде 7 адам болған. Абырой болғанда ешкім ауыр жарақат алмаған. Қазір қоғамдық көліктің жүргізушісі ауруханада жатыр. Қалғандары тексеруден кейін үйіне қайтарылған.

Еркін Зульфикаров, Қарасай аудандық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

Кеше жан сақтау бөлімінде жатып емін алып, бүгін жарақат бөліміне ауыстырылды. Қазіргі жағдайы орташа ауыр. Протокол шеңберінде ем қабылдап жатыр.

Қазір апат орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Апатқа қатысты Қарасай ауданындық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған.

Еркебұлан Ахметов, Облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі күнде ҚР Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Автопарк басшылығы жүргізушінің созылмалы ауруы болғанын айтады. Оны өзіміз бүгін білдік, - дейді. Әйтпесе, қызметкерлердің барлығы күнделікті тексеруден өтеді екен.

Дәулет Жандыбаев, «Қаскелең автобус паркі» ЖШС директоры:

Денсаулығында күдік болған деп естіп жатырмыз. Өйткені, оны біздің медиктер растап отыр. Қант диабеті ауруы болғанын естіп жатырмыз. Бізде білмедік шыны керек. Біздің мәлімет бойынша ол кісі сол кезде өзін жаман сезініп, автобуста рөлге ие бола алмай қалған.

Жолай өзін автобус жүргізушісімін деп таныстырған азамат бұл ақпаратты растай кетті. Оның сөзінше, көлік тізгіндеушілерге жүктеме көп. Жұмыс кестесі дұрыс емес. Соның кесірінен денсаулық сыр береді, - дейді.

Ермек Раметов, «Алматыэлектротранс» ЖШС автобус жүргізушісі:

Екі күн істеп, екі күн демалуымыз керек. Таңғы сағат 4-те шыққаннан түнгі сағат 12-де кіресіз. Мынаның өзі 10-да болған жағдай. Барып кіремін, автобусты тапсырамын дегенше 12 болады.

Жарақат бөліміне ауыстырылған жүргізушімен тілдесу мүмкін болмады. Дәрігерлер аурухана ішіне кіргізбеді. Айта кетсек, бұл осыған ұқсас алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Іле ауданында да автобус жүргізушінің денсаулығы жол үстінде сыр беріп, қоғамдық көлікті оқушы тоқтатып қалған еді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу