Талдықорғанда экспортқа бағытталған көрме өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда экспортқа бағытталған көрме өтті

13.09.2024

Қорғас халықаралық ынтымақ орталығында Шаньдунь провинциясы тауарөндірушілерінің экспортқа бағытталған алғашқы көрмесі өтті. Қытай елінің 100-ден аса кәсіпорны өз өнімдерін жұрт назарына ұсынып, сауда-саттық жасады. Ауыл шаруашылығы техникалары, құрылыс материалдары мен құрал-саймандар, басқа да тұрмыстық заттарды саудалауға делдалсыз, тікелей келісімшарт жасауға мүмкіндік туды. Тауар өндірушілер Қазақстан нарығына сапалы өнімдерін ұсынып, тіпті инвестиция тартуға да ниет білдіріп отыр.

Жаң Жи Юн, аллюминий зауытының өкілі:

Біздің Шыңжаңда және Шаньдуньде екі зауытымыз бар. Жылына 200 тоннадан астам есік және терезеге қажет металл жабдықтарын шығарамыз. Алматы мен Жетісу облысына экспорттауға және сол өңірлерге шағын зауыт салып беруге мүмкіндігіміз бар.

Қазақстан тарапынан сауда жасауға бұл жолы 200-ге жуық кәсіпкер барып, қызығушылық танытты. Сондықтан мұндай экспортқа бағытталған көрме-жәрмеңкелер алдағы уақытта Қазақстанда да өтпек. Жалпы «Қорғас» ынтымақ орталығының әлеуеті жылдан-жылға еселеніп, тәулігіне екі тараптан мыңдаған турист кіріп, арзан бағада сауда жасап қайтып жүр. Ал Қазақстан және Орталық Азия сауда-саттық қауымдастығы ұйытқы болған шара екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты арттырары сөзсіз.

Айрат Талғатұлы, жеке кәсіпкер:

Өте үлкен мүмкіндіктер. Біз жаңа ғана "стекловата" шығаратындармен сөйлестік. Олар айтады, біз сіздерге келіп, Қазақстанға өзіміздің зауыттарды қойып, нұсқаулық өткізіп, қалай жұмыс істеу керек, шикізатты қайдан алу керек, барлық ақпаратты беріп отыр. Ондай ақпаратты біз үй жақтан таба алмаймыз.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу