Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Қамбаш көлі мен Қорқыт ата мемориалдық кешенінде сенбілік өтті. Игі іске атсалысқан тұрғындар айналаны тазартып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Түркі әлеміне ортақ тарихи-мәдени кешенге жиналған Қармақшы жұрты алдымен ескерткіштер айналасындағы қураған шөптерді жұлып, қоқыстан арылтты. Сенбіліктен кейін спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жастар асық ату, арқан тарту және қазақ күресінен сынға түсіп, жеңімпаздар марапатталды.
Асқар Мереков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қаншама жастар, ардагерлер осы жерде тазалық жұмыстарын жасап жатыр. Біздер ардагерлер осының көшбасында жүрміз. Сондықтан айтарымыз, келешек еліміз, жеріміз, отанымыз таза болса бұл біздің келешек ұрпақтың тазалығы.
Ал Арал ауданында көпшілік Қамбаш көлінің жағалауын тазартты. Су айдынына алыс-жақыннан келетіндер көп. Жағалаудың айналасы апта сайын қоқысқа толып қалады. Осы жолы үлкен кішісі бар ауыл тұрғындары сенбілікке бір кісідей атсалысты.
Жомарт Бекетов, ауыл тұрғыны:
Қалдықтардың бәрі осы жерде қалады ғой келген адамның бәрі тастап кетеді. Оған да үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Ел болып тазалыққа жақсы бетбұрып жатырмыз.
Әділбек Серікұлы