Талғар – Алматы тасжолында бүгін ұзын-сонар көлік кептелісі болды. Жұмысқа, сабаққа асыққандар көліктерінен түсіп, қалаға жаяу жеткен. Картографиялық сервистердің мәліметінше, 10 балдық кептеліс тіркелген. Бұл аумақтан қала іргесінде тұратын халық «Талғар», «Құлжа» тасжолдары арқылы Алматыға қатынайды. Әдетте олар әрі кетсе 1-1,5 сағат кептелісте тұрса, соңғы күндері жолға 2-3 сағаттап уақыт жоғалтып жүр. Себебі кешеден бері «Құлжа тасжолы» жөндеу жұмыстарына толықтай жабылып, қозғалыс тоқтаған. Қала әкімдігі жөндеу жұмыстары 14 қыркүйекте аяқталатынын хабарлады.
Айта кетейік, Алматының ірі көшелерінде жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Соның салдарынан тұрғындар кептелістің көбейіп, жұмыс пен оқуға жету қиындағанын айтып, шағымданушылар көбейген.
Айдана Қуантхан